Коронавирус індеті елімізде белең алған шақта көптеген ауруханалар провизорлық стационар ретінде жұмысын атқара бастады. Сондай медициналық мекемелердің қатарында ауданымыздағы Шамалған ауылындағы орналасқан аурухана да бар. Ағымдағы жылдың 17 наурызынан бастап аталған медициналық мекеменің пандемияға байланысты жұмыс жүйесі өзгерді. Алғашында мұнда COVID-19-ды жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған адамдар ғана қабылданса, қазіргі уақытта індеттің өршуіне байланысты COVID-19-ға теріс нәтиже көрсеткен, өкпелері қабынған, яғни, пневмониямен сырқаттанған жандар ем қабылдауда.
Бүгінде бұл ауруханада 92 дәрігер қызмет етуде. Инфекцияның таралу жағдайына байланысты олар теңдей екі топқа бөліну арқылы 14 күн бойы кезекшілікте жүріп, жауапты міндетін атқарады. Әрбірі демалысқа шығатын уақытта арнайы ПТР тест тапсыру арқылы ғана үйлеріне жіберіледі. Аурухананың бас дәрігері Дидар Мұқашевтің айтуынша, қазіргі кезде ем қабылдап жатқан сырқаттардың жағдайы бір қалыпты, барлығы да білікті мамандардың жіті бақылауында.
– Күніне шамамен 30 адамдай қабылдаймыз. Егер COVID-19-ға тест нәтижесі оң көрсетіп жатса, инфекциялық бөлімге жібереміз. Ал, одан басқа ауыр жағдайда болып, дем алуы қиын соқса, пневмония белгілері анықталса, осы ауруханада ем-домын жүргіземіз. Қазіргі уақытта оттегі де, дәрі-дәрмек те жеткілікті, – деді Дидар Қуатұлы.
Аталмыш медициналық мекеме провизорлық стационар болғандықтан, науқастарды қабылдау үшін 195 төсек орнымен жабдықталғанын айта кеткен жөн. Бас дәрігердің айтуынша, қазіргі кезде індеттің өршуіне әрі емделушілер санының артуына байланысты қосымша тағы 20 төсек қосу жоспарда бар.
Дәрігер айтқандай, расымен де, сырқаттардың бүгінгі ахуалы көңіл қуантады. Аяғынан тік тұрып, асқынған ауруын жеңіп, құлан таза айыққандар жетерлік екен. Жағдайы жақсарған науқастардың арасында Қаскелең қаласының тұрғыны, тыл еңбеккері, 90 жастағы Ғания апамыз да бар. Қариямыздың денсаулықтың сақшысына айналған мамандарға айтар алғысы шексіз.
– Бұл жерде жатқаныма бір аптадай болып қалды. Алғаш келген кезім, тіпті, есімде жоқ. Дәрігерлердің күн-түн демей, қасымнан табылып, олардың үнемі бақылауында болғанның арқасында өзімді жақсы сезінудемін. Барлығына ризашылығымды білдіремін! Халыққа айтарым, бұл індетке бей-жай қарамаңыздар, сақтаныңыздар! Өздеріңізді күтіңіздер, – деп әжеміз ақ тілегін, кеңесін жеткізді.
Дәл осылай Ғания апамыз сияқты басқа да бірқатар сырқаттанған жандар өз тараптарынан бас дәрігер Дидар Мұқашевтан бастап, провизорлық стационардағы барлық дәрігерлерге алғыстарын жеткізуде.
Дидар МУХАМАДИЕВ.