Осы аптаның сәрсенбісінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының және «Әкімдердің мәслихат алдына есеп беруін өткізу туралы» Елбасының Жарлығына сәйкес, Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов аудандық мәслихат депутаттарының алдында ағымдағы жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстары жайында есеп берді.
Өз кезегінде Е.Тоқтасынов бірқатар жүзеге асқан істердің егжей-тегжейін баяндап, олардың барлығы аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың бастамасымен, бағыт-бағдары арқылы орындалғанын ерекше атап өтті.
Округ әкімінің есебін жиынның төрағасы ретінде аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Атлана Исаева, аудандық мәслихаттың «Заңдылықты сақтау, құқықтық тәртіп және азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі» тұрақты комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Қуаныш Баяманов, сондай-ақ, жоғарыда аталған ауылдық округтің атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Сұлтанғазы Қилыбаев тыңдады. Ал, ауданның басқа да мәслихат депутаттары санитарлық талапты сақтау мақсатында есептік жиынға онлайн түрде қатысып отырды.
Округ әкімі Ержас Тоқтасынов ауыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндаған соң, жиынға қатысушылардың тарапынан жеке қойылған және әлеуметтік желі арқылы халықтың атынан жолданған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Атап айтар болсақ, ол пандемияға байланысты ауыл ішіндегі дәріханалардың жағдайы карантин уақытында қашанда бақылауда болғанын айтып, жергілікті полициямен және әкімдік арқылы құрылған комиссиямен дәрі-дәрмектердің бағалары реттеліп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, Ержас Серғазыұлы осы уақытқа дейін Шамалған ауылындағы 89 көшенің 32-сі асфальтталса, келесі жылы кем дегенде жеті көшені жөндеу жоспарда бар екеніне тоқталды. Ал, әлеуметтік желі арқылы жолданған осы округке қарасты Тасқын елді мекеніндегі судың тапшылығы мен Домалақ ана көшесінің жөнделуіне қатысты сұрақтарға округ әкімі былай деп жауап берді: «Аталған елді мекен тауға жақын орналасқандықтан, біраз ескеретін жайттар бар. Жоспарлы түрде жұмыстар жүзеге асса, келесі жылы ол жаққа су жүргіземіз. Ал, Домалақ ана көшесіне келер болсақ, ол қазіргі уақытта жөнделіп жатқан Өтеген батыр көшесінен кейін асфальтталатын болады, оны ағымдағы жылдың соңына дейін бітіру жоспарда бар».
Өз тілшіміз.