Ауданымыздағы демографиялық жағдайдың жыл сайын жақсаруы бір жағынан білім ошақтары үшін қиындық туғызуда десек артық айтқандық емес. Себебі, қазіргі таңда оқушылар санының өсуіне байланысты үш ауысымды мектептердің қатары да артып келеді. Көпті алаңдатқан бұл мәселенің түйткілі уақыт талабымен өз шешімін табуда. Мәселен, бүгінгі таңда үш ауысымды мектептерді жою мақсатында ауданымыз бойынша Қаскелең қаласындағы С.Керімбеков атындағы және Көксай ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектептерге 300 орындық, сондай-ақ, Абай ауылындағы орта мектепке 600 орындық жапсаржай құрылыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, Әйтей ауылындағы Б.Қосынов атындағы орта мектеп апатты жағдайда болуына байланысты, өткен жылы аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қолдауымен 3,5 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 1200 орындық білім ордасы бой көтерді. Аталмыш мектептің құрылысы толық аяқталып, әйтейлік білімгерлер осы оқу жылының екінші тоқсанында жаңа мектепте білімдерін жалғастыратын болады.
Үш ауысымды мектептің қатарын азайту мақсатында қазіргі уақытта Шамалған бекетіндегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте де 600 орындық жапсаржайдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоспар бойынша барлығы іске асса, пайдалануға тапсыру осы жылдың желтоқсан айына көзделіп отыр.
Жалпы, келешекте үш ауысымды оқу ордаларын қалыпты жағдайға келтіру мақсатында бірнеше ауылдарға мектеп салу жоспарда бар. Ол жайында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаев жан-жақты түсіндіріп, ақпарат ретінде көпшілікке жеткізді.
– Бүгінгі күнде жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқан мектептер мен жапсаржай нысандары бар. Атап айтсақ, Үштерек ауылына 600 орынды, Батан ауылына 450 орынды орта мектептердің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілді.
Құрылыс саласына жауапты бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта Жармұханбет, Алмалыбақ ауылындағы орта мектептерге және Іргелі ауылындағы Толстой мектебіне және Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебіне 600 орындық жапсаржай салынатын болады. Ал, Бұлақты мен Долан ауылдарына 2,4-2,5 га жер телімі қарастырылып, 600 орынға арналған жаңа мектептердің іргетасы қаланады деген жоспар бар.
Бұл айтылғандардан бөлек, Іргелі ауылдық округіне қарасты 25 мыңнан астам халқы бар «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне қажетті мектеп мәселесі де бар. Дегенмен де, оның да шешімі қарастырылып, қазіргі уақытта жаңа мектептің жобасы әзірленуде. Нақты айтар болсақ, 6,5 га жер телімі қарастырылып, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қарасай ауданы әкімдігі, сондай-ақ, құрылыс салатын мекеме арасында меморандумға қол қойылды. Жоспар бойынша 2000 орынға арналған мектеп 2020 жылы пайдалануға беріледі. Осылайша, асылармандық оқушылар келер жылдан бастап, жаңа оқу ордасында білімдерін шыңдайтын болады. Ал, жаңа мектептің іргетасы қаланғанша, әдеттегідей, бұл тұрғын үй кешеннің білім алушылары Кемертоған ауылындағы мектепке қатынап оқиды. Бұл да уақытша екенін тағы да айтқымыз келеді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.