«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жоспарға сай атқарылып келеді. Өткен аптаның бейсенбісінде Алматы облысы «Тіл» әдістемелік орталығы аудандық филиалының латын әліпбиін меңгерген алғашқы лек түлектеріне сертификаттар берілді.
Аталмыш мекемеде аймақтағы бюджеттік мекемелердегі мамандарға жаңа әліпбиді толықтай үйрету бір жарым айлық курсы бірінші тамыздан бастап жүргізілуде. Бұл бірінші оқыту курсында аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту бөлімі, қазынашылық басқармасы, орталық кітапхана, музейлер, орталық аурухананың әкімшілігі бар. Қазіргі таңда бірінші және екінші лекте барлығы 90-ға жуық адам тәлім алуда, оның 45-і дәл осы күні өздерінің үш айлық курстарын аяқтады. Сертификаттарды «Тіл» әдістемелік орталығы аудандық филиалының директоры Жанар Оразалиева табыстап, жаңа биікті бағындырған білімгерлерге сәттілік тіледі.
– Латын әліпбиін және жаңа қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері бойынша тиісті сала мамандарын қайта даярлау біздің орталықтың басты мақсаты болғандықтан, жақсы нәтиже шығаруға бар күшімізді салып келеміз. Сіздерге латын әліпбиін өз деңгейінде үйрете алдық деген үміттеміз. Сертификаттарыңыз құтты болсын, игіліктеріңізге жарасын! – деді орталық жетекшісі.
Кез-келген жаста қосымша білім деңгейін көтеру артықтық етпейтіні анық. Міне, бұл оқу орталығының тәлімгерлерінің де алған жаңа ақпараттары алдағы уақытта жұмыс барысында тиімді түрде іске асары сөзсіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.