SDU University қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Самат Максутов жетекшілік еткен Қазақстанның ұлттық құрамасы Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO 2026) тарихи нәтижеге қол жеткізді. Қазақстан құрамасы алғаш рет бес бірдей алтын медаль жеңіп алып, ел тарихындағы және халықаралық пәндік олимпиадалар тарихындағы ең үздік көрсеткішті тіркеді.
2026 жылғы 4–12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен беделді білім бәйгесіне әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Дәстүрлі түрде физикадан ең мықты құрамалар саналатын Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан және Ресей секілді мемлекеттердің қатысуымен өткен додада Қазақстан құрамасының барлық бес мүшесі де алтын медаль иеленді.
Алтын медаль иегерлері:
- Нұргүл Егенбергенова;
- Әмірбек Азатбеков;
- Ілияс Қазымбек;
- Роман Черемнов;
- Дамир Құрман.
Бұл – Қазақстанның Халықаралық физика олимпиадасына қатысу тарихындағы ең жоғары нәтиже. Айта кетейік, IPhO олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді, ал Қазақстан бұл халықаралық білім сайысына 1997 жылдан бастап тұрақты қатысып келеді.
Ұлттық құраманы SDU University қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Самат Максутов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев дайындады. Жетекшілердің негізгі міндеті – еліміздің дарынды оқушыларын іріктеп, оларды халықаралық деңгейдегі білім бәсекелеріне жан-жақты әзірлеу. Бұл жұмыс терең пәндік білімді, халықаралық тәжірибені және жоғары деңгейдегі ағылшын тілін меңгеруді талап етеді.
Олимпиада жеңімпаздарын Алматы халықаралық әуежайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Давлет және Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев қатысып, жеңімпаздарды тарихи жетістіктерімен құттықтады.
SDU University үшін профессорлар мен оқытушылардың халықаралық деңгейдегі ғылыми және академиялық жетістіктері – университеттің білім сапасы мен кәсіби әлеуетінің айқын көрінісі.
SDU University ұжымы қауымдастырылған профессор, PhD докторы Самат Максутовты кезекті тарихи жетістігімен шын жүректен құттықтайды. Ғалымға ғылыми-зерттеу қызметінде толағай табыс, халықаралық аренада жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз.

