Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирель атындағы университеттің қызметкерлері де вакцина салдырды. Нақты айтқанда, осы аптаның сәрсенбісінде университеттің ғимаратында 60-қа жуық оқытушы өз еріктерімен «Спутник V» вакцинасын қабылдады. Шара барысында талаптарға сай екпені қабылдаушылар алдымен дәрігерлердің тексеруінен өтті. Оларға егілгеннен кейін дене қызуының көтерілуі немесе әлсіздік сезімі пайда болуы мүмкін вакцинаның салдары жайлы ескертулер айтылып, өзің жайсыз сезінген сәтте не істеу керектігі жайлы кеңестер берілді. Барлық тексерулерден кейін екпе бөлмесіне кіргізіліп, вакцина қабылдады.
Екпені алғаш болып қабылдаған университет ректоры Қуаныш Ерғалиев вакцина дәл қазіргі кезде адамдарға өте қажет екенін атап өтті.
– Өзім де денсаулық сақтау саласына қатысым бар болғандықтан қазіргі жағдайда вакцина салдыру ең дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені, көптеген ғалымдар мен дәрігерлердің ерен еңбектері арқылы жасалған бұл вакцина вирусты жеңудің ең тиімді жолы. Адамзаттың тарихында көптеген адамдардың өліміне алып келген шешек сияқты неше түрлі жұқпалы аурулар болған еді. Бүгінде оңдай оқиғалардың кездеспеуі бұл ауруларға қарсы жасалған вакцинаның арқасы, –дейді ол.
Жалпы, Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасының дәрігері Дана Таждинованың айтуынша, егу науқаны ауданымызда белсенді түрде жүргізіліп жатыр екен. Бұл күні университет мұғалімдерінен бөлек, сондай-ақ, аудандық полиция басқармасының қызметкерлері де «Спутник V» вакцинасын салдырған.
Іс-шараны ұйымдастырған СДУ дәрігері Дариха Ермекбаеваның айтуынша, осы күні вакцинаны қабылдаған барлық оқытушылардың бүгінде хал-жағдай жақсы, екпеден кейін ешкімде асқынулар болмаған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.