Кеше орталық мәдениет үйінде, аудан жұртшылығының қатысуымен, Қазақстан Республикасы Конституциясының күні салтанатты түрде аталып өтті.
Жиналғандар алдымен «Азат елдің Ата заңы» атты театрландырылған көріністі тамашалады. Онда ежелден далалық конституцияны ұстанған, әрдайым адалдықпен, әділдікпен өмір сүрген ата-бабаларымыздың заңдылықты, адамдықты биікке көтерген тіршілік-тынысы жайлы жан-жақты айтылып, қазіргі кездегі тәуелсіз Қазақстанның Негізгі заңының күш-қуаты, артықшылығы әсерлі бейнеленді.
Мұнан кейін аудан әкімі Жандарбек Далабаев сөйлеп, осынау ұлық мерекенің мән-маңызына жан-жақты тоқталды.
– «Ата заң» аталып кеткен мемлекетіміздің басты құжаты – Конституция, – деді атап айтқанда аудан басшысы. – Ол, шын мәнінде, еліміздегі барлық заңдардың бастауы және сүйенетін негізгі түп тірегі саналады. Конститутция – біздің мемлекетіміздің алтын діңгегі. Мемлекеттің негізгі құндылықтары – тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі. Ата заң – Қазақстанның әлемдік өркениетке батыл қадам басуының алғы шарттарын жасап берген жасампаз құжат. Конституция тәуелсіз Қазақстанның даму жолын айқындап берді, мемлекетіміздің берік негізін қалады. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мәңгілік ел атануға ұмтылған көп ұлтты еліміздің ынтымағы артып, береке-бірліктің арқасында жаңа табыстарға жете берейік!
Келесі кезекте Жандарбек Ермекұлы бір топ қарасайлықтарды Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттап, ізгі тілегін білдірді.
Мәдениет үйіндегі Конституция күні мерекесіне арналған салтанаттың соңы аудан өнерпаздарының сүйікті Отан, егемен ел, туған жерді арқау еткен үлкен концертіне ұласып, әсем ән айтылды, күмбірлеген күй шертілді, әдемі би биленді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.