Бригадир деген қарапайым қызмет деп айту қиын. Әсіресе, автобус паркінің бригадирі болып жұмыс жасау оңай емес. Таңғы төрте тұрып, бесте автопаркке келіп, көліктердің жағдайын, жүргізушінің жұмысқа дайындығын тексеру, оларға бүгінгі жұмыс маршрутын түсіндіру, инструктаж жүргізу және тағы да басқа міндеттерді атқару екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Жылдың ең аяулы, жарқын және тамаша күні болып саналатын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай әйел бола тұра осы қызығы мен қиындығы мол жұмысты аналық міндетпен бірге алып жүрген Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны Салтанат Садирдинова туралы айтып өткіміз келеді.
Салтанаттың Қаскелең автобус паркінің Көлащы ауылындағы филиалында жұмыс істеп жатқанына 13 жылдан асыпты. Ең қызығы кейіпкеріміз автобус паркіне келмес бұрын акушер болып еңбек еткен. Нақтырақ айтқанда, Салтанат мектептен кейін Талғар жоғары медициналық колледжіне түсіп, оны «акушер» мамандығы бойынша бітіріп, Қаскелең қаласындағы перзентханаға жұмысқа кірген. Осы жерде бес жылдан артық еңбек етіп, көптеген нәрестенің өмірге аман келуіне жәрдемдесіп жүріп, өзі де екі рет ана атанған.
Перзентханадағы жұмысы өзіне ұнағанымен денсаулығына байланысты мұнан шығуға мәжбүр болған. Одан кейін кейіпкеріміз Алматы қаласына барып, сауда орындары мен тамақтану орталықтарында саудагер, ревизор, аспазшы сияқты әртүрлі жұмыстарды атқарған. Осылайша екі баласының жағдайын жасау үшін бір жұмыстан екінші жұмысқа шапқылап жүрген кезінде Салтанатқа маршрутка айдап жүрген ағасы автопарке жұмысқа кіруге кеңес береді. Жақындарының сөзіне құлақ асып, жарты күнін жолда жоғалтып шаршаған ол өзінің округіндегі Қаскелең автобус паркінің филиалына диспетчер болып орналасқан.
– Жұмысқа орналасуыма менің медициналық білімім көмектесті. Себебі автобус паркіне сол жылдары тек диспетчер ғана емес, сондай-ақ жүргізушілердің денсаулығын тексеріп отыратын медбике керек болатын. Осылайша медициналық дипломым мен тәжірибемнің арқасында мен 2010 жылы автопаркіне диспетчер және медбике ретінде жұмысқа орналастым. Әрине мұндай жұмысты істеп көрмегендіктен, әрі жұмысшылардың 97 пайызы ер адамдар болғандықтан, бастапқыда өте қиын болды. Бірақ уақыт өте келе үйренсінгендіктен, басшылық пен ұжымым жақсы болғандығынан жаңа ортаға тез сіңісіп кеттім, – дейді Салтанат.
Біраз жылдар кейіпкеріміз медбике ретінде таңертең ерте келіп әр жүргізушінің денсаулығын тексеру, оған жолға шығуға рұқсат беріп, одан кейін диспетчердің жұмысына кірісіп, жүргізушілердің берілген маршруттан ауып кетпеуін, халықтан түскен шағымдарға жауап беріп отырады. Бұған қоса көптеген қосалқы жұмыстарды атқарып жүреді.
Салтанат жұмысқа кірген жылдары автопарк төрт маршрут бойынша жүретін 130 жүргізуші, оларға көмек көрсетіп отыратын жеті диспетчер еңбек етіп жатқан үлкен мекеме болатын. Алайда әлемнің індетіне айналған коронавирус кезінде еліміздегі карантиннің әсерінен автопарк жұмысы уақытша кідіріп қалады. Сол уақытта орын алған қиындықтардың нәтижесінде маршруттар саны қысқарып, көптеген жұмысшылар басқа салаға кетіп, жұмыс көлемі азайып қалған. Автобус бекетінде жерде табан аудармай біраз жыл тер төккен ол карантиннен кейін басшылықтың мақұлдауымен диспетчер жұмысынан бригадирлікке ауысып алады.
– Бригадир болып ауысқаннан кейін Көлащы ауылына баратын 8 маршрутканың жүргізушілеріне жауапты болдым. Біраз уақыт өткеннен кейін тұрғындардың сұрауымен Көлащыдан «Алтын Орда» базарына баратын маршрут ашуды жөн көрдім. Көлік жүретін жолдың, тоқтайтын аялдамаларының бағытын сызып, маршруттың жүретін уақытын, көлік кептелісінде тұру уақытын, ол маршрутты қолданатын адамдар санын есептеп, барлық қажетті құжаттарды дайындап, басшылығыма кіріп, рұқсат алдым. Одан кейін тағы жүгіріп жүріп, №12 қоғамдық көлікті іске қостым. Осылайша қоластымдағы №8 маршрутқа №11, №12 бағыттағы автобустар қосылды, – дейді бригадирлік қызметке алғаш келген кезін еске алған кейіпкеріміз.
Бүгінде Салтанат бригадир ретінде күнделікті жұмысына келгеннен кейін машиналардың жағдайын, оған қарасты барлық қажетті құжаттардың дұрыстығын, жүргізушілердің формасының бар-жоғын тексеріп, бұрынғыдай олардың денсаулығын бақылаумен айналысады. Жүргізушілерге бекітілген маршруттарды түсіндіріп, инструктаж жүргізіп отырады. Барлық жүргізушілерді жолға шығарып тастағаннан кейін құжаттармен айналысып, хабарласып наразылықтарын айтатын тұрғындармен жұмыс жасайды. Бұған қоса бригадирдің міндетіне жаңа жүргізушілерді жұмысқа қабылдап, шағым түскен қызметкерге сөгіс жариялауда кіреді.
Аз уақытта тәжірибе жинап, жұмысын дөңгелетіп әкеткен кейіпкеріміз жұмысы қаншалықты қиын болса да оны автобус паркімен табыстырған тағдырына дән риза.
– Осы жұмыста жүріп, көптеген нәрсені үйрендім. Барлық жүргізушілерді өзімнің бес саусағымдай білемін, автопарктегі қай көлік қашан жөнделуден өткенін, оған қашан май, су құйылғандығын жатқа білемін. Жұмыс, әрине, оңай емес, бірақ өзіме ұнайды. Мұндағы ұжымым отбасымдай болып кеткен. Оның үстіне басшылығым да керек кезде әрқашан көмек көрсетіп отырады, – дейді ол.
Талай жыл осы жерде еңбек еткен Салтанат – бүгінде өзінің ұжымының арасында сыйлы жан. Қолынан кез келген жұмыс келетін, әрдайым басшылық берген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын Салтанатты басшылығы да өте құрметтейді. Әрқашан басқа қызметкерлер арасында үлгі ретінде қойып, Алғыс хаттармен марапаттап отырады.
– Менің өмірімде көптеген өзгерістер болды. Солардың бірі – өзіме мүлдем бейтаныс автопарктегі жұмысым. Бұл жердегі қызметім қиын болса да бірақ осында орналасқаныма өкінген емеспін. Өйткені, мұнда мен бүгінде жақын достарыма айналған көптеген адамдармен танысып, өмірілік мол тәжірибе жинадым, – дейді Салтанат Нұрмағамбетқызы.
Жұмысынан бөлек Салтанат өзінің аналық міндетін де еш ұмытқан емес. Талмай еңбек еткеннің арқасында екі ұлына да жақсы тәрбие мен білім берген. Бүгінде оның ұлдары отбасын құрып, бірі ҚР-ның Ұлттық ұланында, ал біреуі жол патрульдік полицияда инспектор ретінде қызмет етеді. Салтанат – жұмысында құрметті қызметкер, ал үйінде аяулы ана, үш немере сүйіп отырған бақытты әже.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.