Өткен 2021 жылы Шамалған ауылдық округінің Мәдениет үйінде, әрдайым игілікті істердің басы-қасында жүріп, көптеген адамдарға қолдау білдіріп, көмек көрсетіп жүрген «Салиқалы ұрпақ» қоры өзінің бес жылдығын тойлады. Облысымыздың бірқатар қайырымдылық қорларының басшылары, танымал блогерлер мен ауданымыздың әкімі Жандарбек Далабаев қатысқан мерекелік кештің барысында көмекке мұқтаж 10 отбасын қуанышқа бөледі. Оларға тұрғын үй кілттері сыйға тарту етілді.
Шараның алғы сөзі аудан әкіміне беріліп, ол жиналған қауымды мерекелерімен құттықтап, қордың негізін салушы Болат Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Мұнан кейін қордың директоры Қасым Қасбеков пен Жандарбек Ермекұлы мен «Asar-ume», «Харакет» сияқты қорлардың іргетасын қалаған Асхат Нұрмашев, Гүлмира Мұқанқызы, Рауана Сағадиева секілді жомарт жандардың бірқатарын әртүрлі номинациялармен марапаттап, Болат Назарбаевтың атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Мұнан кейін қор басшылары және кәсіпкерлермен бірге «Салиқалы ұрпақ» қоры атынан Алматы облысының 10 мұқтаж отбасына үйлер мен пәтерлер кілтін табыстады. Олардың қатарында біздің ауданымыздың тұрғындары да бар. Сондай-ақ, БЦП бар балаларға көмек көрсететін «Арман Алматы», «Сығанақ» паралимпиадалық садақшылар қоғамдық бірлестігі сияқты бірқатар қайырымдылық ұйымдарына жаңа автокөліктер мен шағын автобустар сыйға тарту етілді.
Бұған қоса қордың мерейтойлық қуанышын бөлісуге келген «Miras Academy» білім беру орталығының директоры Қуатбек Жанатбекұлы аталмыш шараға шақырғандарына алғысын білдіріп, орталық атынан қорға сыйлық табыс етті. Нақтырақ айтқанда, Қуатбек Жанатбекұлы жылда атқарылып келе жатқан игі істерге өз үлесін қосу мақсатында орталық атынан «Береке үйінің» балаларына 3 млн. теңгелік оқу сертификатың берді.
Салтанатты рәсімнің соңы концерттік бағдарламаға ұласып, оның аясында «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Алатау серілері» тобы, «Сәт» тобының солисі және «Салиқалы ұрпақ» қоры жанында жұмыс істейтін «Береке үйі» тәрбиеленушілері өнер көрсетті.
Айта кетейік, 2016 жылы меценат Болат Назарбаевтың бастамасымен құралған «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры осы уақытқа дейін көптеген аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен жетімдерді қолдап, оларға көмек көрсетіп келеді. Қор «Береке үйі», «Оффлайн демалайық», «Рухани даму», «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі» сияқты жобалармен қатар экологиялық жобаларды ұйымдастырды. Сондай-ақ, пандемия кезінде балаларға компьтер табыстап, көптеген отбасыны азық-түлік себеттермен қамтамасыз етті. Мақтарал ауданында болған су апатынан зардап шеккендерге баспана салып берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.