Адамзат өркениетінің бастауында тұрған, өзіндік ерекше орны мен мәртебесін еш жоғалтпаған ардақты мамандықтың бірі – құрылыс саласы. Еңселі мектептер мен заманауи ауруханалар, тақтайдай тегіс жолдар мен зәулім тұрғын үйлер, өндірістік зауыттар мен еңбек нысандарының барлығы да осы саланы таңдаған маңдай тері адал, білекті де білікті мамандардың тынымсыз еңбегімен бой көтереді. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ел дамуының күретамыры саналатын бұл сала өкілдерінің еңбегін елеп, әр жылдың тамыз айының екінші жексенбісінде Құрылысшылар күні салтанатты түрде аталып өтеді. Ресми мәртебесін 1998 жылы алған бұл кәсіби мереке – ел құрылысына үлес қосып жүрген әрбір азаматқа деген жоғары құрметтің көрінісі.
Осындай жауапты әрі мәртебелі салада еңбек етіп, Қарасай ауданының инфрақұрылымдық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген білікті мамандардың бірі – Қарасай аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Ахмет Кумеков. Өз ісіне адал, жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарайтын ол – бүгінде әріптестері арасында беделді мемлекеттік қызметкер.
Ахмет Асқарбекұлы бүгінде өзі еңбек етіп жүрген Қарасай ауданының тумасы. Ол 1985 жылы Қаскелең қаласында өнегелі Кумековтер әулетінде дүниеге келген. Әкесі Асқарбек Кумеков көп жыл бойы аудандағы іргелі «Совхоз Ленинский» мекемесінде адал еңбек етіп, өз ісінің нағыз шебері атанған жан болса, анасы Асиман Кумекова ұзақ жылдар бойы мектепте математика пәнінен сабақ беріп, талай буынға сапалы білім мен өнегелі тәрбие сыйлаған ұстаздық жолды ұстанған.
Болашақ маман балалық шағында сегізінші сыныпқа дейін Қаскелең қаласындағы Н.Әлімқұлов атындағы орта мектепте білім алған. Кейіннен отбасы көршілес Жамбыл ауданына қарасты Қасымбек ауылына қоныс аударып, орта білімді осы ауылдағы жергілікті мектепте ойдағыдай тәмамдады. Мектепті бітіргеннен кейін ол техникалық саланы таңдап, Алматы қаласындағы энергетика, байланыс және электронды технологиялар саласына мамандар даярлайтын беделді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжіне «энергетик» мамандығы бойынша оқуға түсті. Алайда кейіпкеріміздің өмірдегі ізденісі бұл кезеңмен шектеліп қалған жоқ. Оның мамандық таңдау жолы мен білімге деген ұмтылысы қызықты оқиғаларға толы болды.
– Негізінен бала кезден бастап заң саласына, құқықтану бағытына деген қызығушылығым өте жоғары еді. Сондықтан мектепті аяқтаған соң, бірден осы бағыт бойынша жоғары оқу орнына түсуді армандадым. Бірақ ол жылы бағым жана қоймады. Ойлана келе, уақыт жоғалтпай, мүмкіндік болған соң, Алматы қаласындағы колледжге «энергетик» мамандығына оқуға түстім. Оны 2008 жылы сәтті аяқтағаннан кейін, Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясына «құрылысшы» мамандығы бойынша оқуға түсу үшін құжат тапсыруға шешім қабылдадым. Бұған колледжде оқып жүрген кезімде туысымыздың құрылыс материалдарын сататын компаниясында уақытша жұмыс істеп, осы саланың қыр-сырын жақыннан танып, қызығушылығымның артқаны себеп болды, – деді маман.
Түрлі салада білім алып, практикалық тәжірибе жинақтаған жас маман өзінің бала кездегі асқақ арманын да ұмыт қалдырмады. 2013 жылы ол еліміздің жетекші оқу орны саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «құқықтану» мамандығына оқуға түсіп, екінші жоғары білімін алады. Сөйтіп, ол әрі құрылыс, әрі заң саласының білікті маманы атанып шыға келді.
Университеттегі оқу мен еңбек жолын қатар алып жүрген кейіпкеріміз сол жылы Алматы қаласының КСК қауымдастығына заңгер, ал 2014 жылы Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округі әкімдігіне бас маман болып қабылданған. Осылайша, мемлекеттік қызметтің алғашқы мектебінен өтіп, жергілікті басқару ісінде айтарлықтай тәжірибе жинады. Көп кешікпей оның біліктілігі ескеріліп, аудандық әкімдікке ауыстырылады да, құрылыс бөліміне бас маман болып тағайындалады.
Жаңа жұмыс орнында Ахмет Асқарбекұлы өзінің қос дипломындағы білімін шебер ұштастыра білді. Ол бөлімдегі құрылыс нысандарының сапасы мен мерзімін қадағалап қана қоймай, заңнамалық талаптарды сақтау, құқықтық құжаттарды әзірлеу және мемлекеттік сатып алулар секторы бойынша жауапты міндеттерді тиянақты атқарды. Алған білімі мен жинақтаған тәжірибесінің арқасында ол арада біраз уақыт өтіп, әріптестері мен басшылығының зор сеніміне айналды.
Өмір болған соң адам баласы әрдайым ізденісте болады. Жауапкершілігі өте жоғары мемлекеттік қызметтің қарбаласы уақыттың басым бөлігін алатынын түсінген кейіпкеріміз 2019 жылы өзінің қызметтік бағытын өзгертіп, сот орындаушысының көмекшісі болып жұмысқа орналасаты. Заң саласындағы бұл тәжірибе де оның кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне септігін тигізді. Дегенмен, екі жылдан кейін ол өзіне жақын бұрынғы жұмыс орнына яғни, Қарасай аудандық құрылыс бөліміне қайта оралды.
Бүгінгі таңда Ахмет Кумеков – Қарасай аудандық құрылыс бөліміндегі ең сенімді, тәжірибелі әрі білікті мамандардың бірі. Ол өзінің тікелей лауазымдық міндеттерін мінсіз атқарып қана қоймай, қажетті кездері бөлім басшысының міндетін атқарушы ретінде де ауданның құрылыс саласын басқарып, ұжымға зор көмек көрсете білді. Адалдығы мен кәсібилігінің арқасында ол ұжымда үлкен беделге ие.
Кез келген адамның тынымсыз жұмыстан тынығып, сергек көңіл-күй сыйлайтын сүйікті хоббиі болатыны белгілі. Нағыз маман еңбекте ғана емес, спортта да белсенділік танытуы тиіс. Осы ретте Ахмет Асқарбекұлының басты қызығушылығы спорт, оның ішінде миллиондардың ойыны саналатын футбол. Бала күнінде аула да доп теуіп, мектеп пен колледж қабырғасында спортты серік еткен ол бұл әдетінен есейіп, мемлекеттік қызметке араласқан шағында да танған емес.
Ол бүгінде Қарасай ауданы мемлекеттік қызметшілерінен құрылған құрама команданың ойыншысы саналады. Жасыл алаңдағы жақсы ойынының арқасында үш жыл қатарынан Алматы облысының құрамасына шақырту алды. Мемлекеттік қызметшілер арасында өткен республикалық спартакиадаларда Алматы облысы мен Қарасай ауданының намысын абыроймен қорғады. Ел біріншіліктерінде, яғни 2024 жылы Ақтөбеде, 2025 жылы Өскеменде, ал 2026 жылы Көкшетау қаласында өткен дүбірлі доп додаларында облыс құрамасының сапында өнер көрсетіп, жақсы спорттық нәтижелерге қол жеткізді.
– «Спорт, соның ішінде футбол – мен үшін жай ғана балалық шақтың қызығушылығы немесе дене шынықтыру құралы емес. Бұл – тынымсыз жұмыс күнделігінен, түрлі ойлар мен шаршаудан арылатын, іштегі эмоционалды жүктемені босатып, миды сергітуге мүмкіндік беретін ерекше әлем. Сондай-ақ өзім сүйіп жанкүйерлік ететін әлемдік клубтар мен құрамалардың тартысты ойындарын тамашалау да маған ерекше рухани ләззат пен энергия сыйлайды, – дейді Ахмет Кумеков өзінің футболға деген қызығушылығы туралы сөз қозғағанда.
Өз ісінің шебері, қос жоғары білімі бар жан-жақты маман, сергек өмір салтын ұстанған спортшы Ахмет Асқарбекұлы сияқты азаматтардың еңбегі – туған ауданының өркендеуіне қосылған нақты үлес деуге болады. Қарасай ауданының құрылыс саласын өркендету жолында адал тер төгіп жүрген кейіпкерімізді алда келе жатқан мерекемен құттықтай келе кәсіби қызметте де, спортта да жаңа белестер мен сәттіліктер тілейміз!
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

