Тағдыр тәлкегіне қасқая тұрып, жігері мұқалмаған қаскелеңдік Асылбек Жалдыбаевтың басынан кешкендері көптің көкейіне өмірдің қаншалықты қымбат екенін ұқтыратындай. Неге дейсіздер ғой?.. Өйткені, ол мүмкіндігі шектеулі бола тұра, «мүмкін» болатын талай игілікті істерді ілгерілетіп жүрген қайсар жігіттердің бірі.
Арбаға танылғанын ар санамайтын Асылбектің бүгінгі таңда жүзеге асырып жатқан бастамасы кейбір қалаларда жоқ десек те болады. Ал, Қарасай ауданында алғашқылардың бірі. Оның 2017 жылы ашқан «Күш-қуат» оңалту орталығы жұмысы жанданғаннан бері өзімен тағдырлас талай адамдардың өмірге деген құштарлық сезімін оятып, жан жарасының жазылуына себепші болуда.
Орталықты басқарып отырған Асылбектің бұл бағытта жұмыс істеуіне өзінің басынан кешкендері мен жеке жаттығуларының арқасында жағдайының көңіл қуантарлықтай қалыпқа жеткендігі басты негізге айналды. Осылайша басқа да мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт сәулесін сыйлайын деген ниетпен ол аталмыш орталықты ашуға бел буған. Асылбектің жоспарлы жұмысын жүзеге асыруына «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Қарасай аудандық филиалы қолғабыс еткенін де айта кеткен жөн. Осы орталықтан Асылбек алдымен бизнестің қыр-сырын үйренетіндей білімін жетілдіріп, арнайы курсты оқып шықты. Кейін оған аудандық әкімдік тарапы Қаскелеңдегі «Алтын ауыл» ықшам ауданынан жертөлені тиімді бағамен жалға алуына қолдау білдіреді.
Ашылғанына үш жыл болса да «Күш-қуат» оңалту орталығынан осы уақытқа дейін жағдайы жақсарып, Асылбек Жалдыбаевқа алғысын жеткізгендер де жетерлік. Келушілердің барлығы мұндағы түрлі құрал-жабдықтарға толы кең көлемді бөлмелерде жаттығуларын жасап, білікті мамандардың ақыл-кеңесіне жүгіне алады. Бір айта кетерлігі, осы жерге Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты алыс шалғай аймақтардан да адамдар ем-домын қабылдауға келіп тұрады. Олар үшін жатар орын да қарастырылған. Ал, жоғарыда біз айтқан жаттығуға арналған құрал-жабдықтардың барлығы орталық басшысының жеке қолдауымен арнайы жасалады. Өйткені, оның осы бағытта жұмыс жасайтын арнайы шағын өндіріс орны бар екенін де ерекше айтуға болады. Сол арқылы кәсіпке жаны жақын Асылбек түрлі оңалту орталықтарынан арнайы тапсырыспен жаттығу құралдарын да өндіріп шығарады.
Тағдырлас жандардың өмірге деген құштарлығын арттырсам деп жүрген Асылбектің арқасынан қағып, игі ісін құптайтын жандар да бар екен. Әңгіме барысында А.Жалдыбаев оны да сөз етіп, әсіресе, Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашевтің жомарттығына ерекше тоқталды.
– Арбадағы адамдар үшін біздің орталыққа баспалдақпен кіріп-шығу, расымен де, қиын болған. Бірде осыны байқаған қала басшысы Асқар Өкенұлы өз қаражаты есебінен азаматтығын танытып, жоғары-төмен автоматты түрде жылжитын пандусты сыйға тартты. Осы үшін ол кісіге ризашылығымды да білдіремін, – дейді «Күш-қуат» оңалту орталығының директоры.
Асылбек Жалдыбаев білікті заңгер болуды армандап, жоғарғы оқу орнын да тәмамдаған. Алайда, айтып келмейтін автокөліктегі апатты жағдай оның болашағын бұлыңғыр етті… Кейіпкеріміз сонда да келешегіне күлімдеп қарауды мақсат етіп, өн бойына дарығын спорттық қабілетін мүмкіндігі шектеулі болса да дамыта түседі. Соның арқасында осы уақытқа дейін түрлі параолимпиадалық ойындарда қол күрес, жүзу сияқты спорт түрлерінен тек жеңіспен оралған. Тіпті, ауданның абыройын облыстық жарыстарда да қорғап, 1-2 орындарды қанжығаларына байлауды әдетке айналдырған. Осындай жемісті жетістіктерін мақтана еске алған жігерлі Асылбек былай дейді: «Адам қандай жағдайға түссе де өзін ешқашан төмен санамауы керек. Қайғы-мұңға берілмей, онымен күресе білу – нағыз ерліктің ісі. Бізге өмір бір-ақ рет беріледі. Оны тамаша сүру өз қолымызда. Уақыты өтіп кеткендер қаншама. Сондықтан ғибратты ғұмыр кеше білген дұрыс».
Біз таныған Асылбек, міне, осындай. Оның ендігі мақсаты – өзі басшылық етіп отырған оңалту орталығының ауқымын кеңейтіп, мүгедектігі бар жандарды жан-жақты қолдап, қолдан келгенше оларды аяқтарынан тік тұрғызу. Ол осы идеясын жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау күтетінін де айтуда. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, Асылбектің межелі мақсаты орындалуына біз де тілекшіміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.