Адам баласының өмір салтына айналатын спорттың орнын ешқандай сала алмастыра алмайтыны анық. Ал бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, ұрпақ тәрбиесі және спортшылардың жетістігі – ол бөлек әңгіме. Сондықтан осы саладағы қажыр-қайратын аямай, әрдайым табандылық танытып жүрген жандардың елеулі еңбектері айтуға тұрарлық. Ондай азаматтардың марапат төрінен көрінуі де заңдылық деп білеміз.
Қарасай ауданында мұндай жанкешті, спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандар аз емес. Солардың бірі – Қарасай ауданының дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының директоры Қуаныш Ахметжанов.
Жерлесіміз аталмыш орталықты 2021 жылы ашылғаннан бері бүгінгі күнге дейін байыпты басқарып, мекеменің жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Сондай-ақ спорт саласында атап өтерлік жетістіктері де баршылық.
Қуаныш Әбілқасымұлының осындай қызмет бабындағы елеулі еңбектері ҚР Туризм және спорт министрі тарапынан ескеріліп, жақында «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісіне лайық деп танылды.
Ал абырой биігінен көрінген азаматтың бұл марапатын Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов арнайы түрде табыстап, Қуаныш Әбілқасымұлының еңбегіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оның аудан көлемінде спорт саласын дамытуға қосып жатқан үлесін атап өтіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Қуаныш Ахметжанов спорт саласында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын жаттықтырушы қызметінен бастап, дзюдо спорт түрінен талай шәкіртті даярлау бағытында қызмет атқарды.
Ал бүгінгі таңда, жоғарыда атап өткендей, Қарасай ауданының дене шынықтыру және спортты дамыту орталығына жетекшілік етіп, талай спорт саңлақтарының шыңдалуына жол көрсетуде. Іскерлік қабілетінің арқасында алып жатқан марапаттары да аз емес. Соның ішінде айрықша атап өтерлігі – ел Президентінің, Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының, Қарасай ауданы әкімінің Алғыс хаттары. Одан бөлек басқа да мемлекеттік және саяси ұйымдардың атынан еңбектері ескеріліп, құрметке бөленген.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

