Осы аптаның сәрсенбісі күні, Елбасы – Тұңғыш Президент атындағы мекемелермен әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында, Шамалған ауылдық округінде орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы «Кемеңгер көшбасшы» атты кездесу кешін өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаевтың қатысуымен өткен жиында аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, Н.Назарбаев атындағы мекемелердің өкілдері, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары және де оқушылар бас қосып, тарихи-мәдени орталықпен танысып, алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстар жайлы сөз қозғады.
Алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаевқа беріліп, ол еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері жеткен жетістктер жайлы айтып, осы шараны ұйымдастырған орталыққа алғысын білдірді. Мұнан кейін Назарбаев университетінің Алматы қаласындағы өкілдігінің аға менеджері Жанна Сағындықова сөз алып, аталмыш жоғарғы оқу орны жайлы біраз ақпарат беріп өтті. Сондай-ақ, аға менеджер орталықтың басшылығына алғысын білдіріп, алдағы уақытта екі мекеме бір-бірімен тығыз жұмыс жасайтындығына сенетіндігін айтып, университет басшылығы атынан сыйлық табыс етті.
Келесі сөйлеген Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзов өзі басқарып отырған білім ошағының тарихы мен жеткен жетістіктері жайлы кеңінен әңгімеледі. Ермек Серікұлының айтуынша мектепте балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған, оқу сыныптарынан бөлек мұнда робототехника сияқты әртүрлі курстар бар, оқушылар мектеп бағдарламасы бойынша шетелден барып білім ала алады. Сонымен қатар, мектеп директоры зияткерлік мектеп ашылған уақыттан бері оны көптеген талантты түлектер бітіріп, бүгінде олардың көбі шетелдерде – америкалық «Google», «Microsoft» тәрізді әлемдік ірі компанияларда, аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық NASA агенттігі сияқты жерлерде қызмет етіп жүргендігін айтты.
Сондай-ақ, жиында «Нұрсұлтан Назарбаев» білім беру Қоғамдық қорының филиалы – «Арыстан» мамандандырылған лицейі оқу-әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Қуаныш Тоғызбаев та сөйлеп, өзгелер сияқты ол да өздерінің білім ордасына және онда білімгерлерге жасалған жағдайға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, лицей жетекшісі бүгінгі бас қосудың маңыздылығын айта келе, оны ұйымдастырған «Атамекен» орталығының қызметкерлеріне ризашылығын білдіре отырып, лицей білімгерлерінің өлеңдері мен басқа шығармалары жанақталған кітапты сыйға тарту етті.
Келесі сөз кезегі «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжановқа беріліп, ол партияның бүгінде атқарып жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталып, партияның төс белгісін орталыққа табыстады. Сонымен қатар, «Елбасы медалі» жобасының «Қола медаль иегері» Әсемай Тауипбаева да сөйлеп, осындай маңызды шараға шақырылғандығына өте қуанышты екендігін айтты. «Елбасы медалі» сияқты жобалар еліміздегі жастар үшін өте үлкен мүмкіндіктер беретіндігін айта келе өзінің қола медалін осы орталыққа сыйлады. Атамекен музейінің директоры Әсемай Адилханқызының сыйлығына ризашылығын білдіріп, оған орталық атынан Алғыс хат табыстады.
Бұл жиында Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының директоры Гүлхан Аманжолова да сөз алып, осы уақытқа дейін «Атамекен» орталығымен бірлесе атқарылған жұмыстары жайлы айтып өтті.
Жалпы бас қосу барысында білім ұяларының өкілдері өздерін толық таныстырып, алдағы уақытта аталмыш орталықпен әріптестік қарым-қатынасты күшейту туралы мүдделі сөз қозғады.
Шара соңында қонақтар жиынның маңыздылығына тоқтала отырып, болашақта мекемелермен бірлесе жұмыстар атқарудың арқасында көптеген жетістіктерге жететіндіктеріне сенім білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.