«Үшқоңыр» спорт мектебінің шәкірттері түрлі жарыстарда оза шауып, әр аймақта өткен спорттық сайыстарда ауданның мерейін үстем етіп келеді. Жақында мұндағы жас боксшылар республикалық турнирге қатысып, тағы да жақсы нәтиже көрсетті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған айтулы дода Түркістан облысының, Ордабасы аудынанда өтті. Әр өңірдің кіл мықтылары жиналған бұл жарысқа «Үшқоңыр» спорт мектебінде шынығатын 2005-2006, 2007-2008 және 2009-2010 жылғы, Жұмабек Прназаров баптаған жасөспірімдер де қатысты. Олардың ішінде үш боксшы жүлдегерлердің қатарынан табылды. Атап айтқанда, Сұлтанбек Мұсабек І орынға ие болып, чемпион атанды. Ал, Ермахан Әлдібай мен Ахмет Сәкенов үздік үштіктен көрініп, қола медальдарды қанағат тұтты.
Осылайша, былғары қолғапты серік еткен чемпиондар «Үшқоңыр» спорт мектебін республикаға танытып, биіктерден көрінді. Олардың осындай жетістігін спорт кешеннің басшысы Дәурен Төлеген мақтан етіп, боксшылардың жаттықтырушысы Жұмабек Прназаровты (суретте) арнайы құттықтады.
Жас боксшылардың алдағы жарыстарына біз де сәттілік тілейміз, жеңісті күндері көп болсын!
Өз тілшіміз.