Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты соңғы Жолдауында биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын.
Осыған орай, Қаскелең қаласының Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында «Жаратылыстану пәндерін үш тілде меңгеру – жаһанданған дамудың жолы» атты республикалық семинар өткізілді. Аталмыш білім ордасы үштілдік бойынша пилоттық мектептер қатарына енген, «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» тірек мектебі болғандықтан бұл іс-шараның осында ұйымдастырылуы өте орынды десек те болады.
Республикалық семинарды Абай атындағы орта мектеп-гимназиясы «Назарбаев Зияткерлік мектептері», «Педагогикалық шеберлік орталығы» Алматы қаласындағы филиалы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық білім ошағы мен Орталық Азия университетінің Білім беруді дамыту орталығы, Алматы облысының білім басқармасы, Қарасай ауданының білім бөлімімен бірлесіп, жастар жылы аясында және педагог мәртебесін көтеру мақсатында өткізген еді.
Еліміз бойынша алғаш ұйымдастырылған аталған семинардың негізі ұйытқысы – Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлескен Педагогикалық шеберлік орталығының тоғыз айлық бағдарламасын аяқтаған, әрі оның сертификатының иегері, мектеп-гимназияның директоры Тұрсын Сайбырова. Семинарға комиссия мүшелері әрі қонақ ретінде Алматы облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы меңгерушісінің орынбасары Эльвира Досаева, «Қазақстан жас педагог ғалымдар қауымдастығының» төрайымы Мөлдір Абдраймова және осы қауымдастықтың магистрлері мен PhD докторлары, Қарасай ауданы білім бөлімінің әдіскері Рая Жұрын, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДДБҰ-ның педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері Ғалия Толықбаева мен Зухра Мейрханова, Орталық Азия университетінің Білім беруді дамыту орталығының үйлестірушісі Жанар Рахимжанова қатысты және аталмыш білім ұясынан ұстаздар қатарыда белсенділік танытты.
Семинар екі бөлікке бөлініп, оның біріншісінде гимназияның Ж.Дүйсенова, А.Аязбаева, Д.Иржанова, А.Шакенова, А.Еламанова, Ж.Келменбетов, Н.Хасантаева, Н.Курбанбаев, сондай-ақ, Н.Мұстапаева, Р.Ерназарова, А.Аккайрова сияқты тәжірибелі ұстаздары 7-11 сынып оқушыларымен жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытудың жолдарын көрсетті. Нақтырақ айтсақ, СLIL пәндік-тілдік білім беру әдістемесінің тиімділігін айқындап, «From Start to Finish», «Find the terminology», «Puzzles», «Matching» әдістерін сабақта қолданудың жолдарымен жан-жақты таныстырды.
Ал, екінші бөлімде семинарға қатысушы М.Долдықан, С.Маханбетова, Ж.Базаева, Л.Рсалина, К.Баетов, Ж.Сдыкова, Г.Аканова, Ж.Койлыбаев сияқты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдары мұғалімдерге арналған шебер-сыныптар өткізді. Оның барысында мамандар өзара тәжірибе алмасып, өз тақырыптарына байланысты білімі мен біліктілігін, шеберліктерін жетілдірді.
Семинар соңында жоғарыда аталған комиссия мүшелері мұғалімдердін өткізген сабақтарына жақсы деген бағаларын беріп, сабақты жүргізу жоспарына біраз өзгерістер ретінде ұсыныстарын айтты. Ал, қатысушы мұғалімдер осы семинарды ұйымдастырған мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.