28 маусым – Қазақстан журналистер күнінде аудан әкімі Махаббат Бигелдиев «Заман жаршысының» редакциясына арнайы келіп, газет ұжымын төл мерекелерімен құттықтады.
Аудан басшысы алдымен редакция орналасқан ғимаратты асықпай аралап шығып, жағдайымен жан-жақты танысты.
Мұнан кейін Махаббат Садуақасұлына аудандық «Заман жаршысы» газетінің тарихы туралы редакция әзірлеген он минуттық слайд көрсетілді.
Келесі кезекте аудан әкімі мен журналистер арасында әдемі бір әңгімелесу жақсы жалғасып, ол ақпараттық саясат, тілшілер еңбегі, баспасөз, радио, телевидениенің міндеті және тағы басқа өзекті тақырыптарды кеңінен қамтыды.
– Бұқаралық ақпарат құралдарының, – деді Махаббат Садуақасұлы, – біздің өміріміздегі орны үлкен, маңызы зор. Олардың ең алдымен қоғамға, халыққа қызмет ететіні белгілі. Сонымен қатар, тәрбиелік, танымдық мәні де айрықша деуге болады. Алаштың ардақтысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Газет – халықтың көзі, құлағы Һәм тілі». Жалпы, өз басым журналистер еңбегіне құрметпен қараймын, бұл бір жағынан жазуға да, өнерге де жақындығымнан болар. Біздің аудан өмірінің айнасы – «Заман жаршысы» газеті қызметкерлерін кәсіптік мерекелерімен шын жүректен құттықтап, жаңалық, жақсылық, береке, табыс, жетістік тілеймін! Ойларыңыз ұшқыр, қаламдарыңыз үшкір болсын!
Аудан әкімі осы жерде облыстық «Жетісу» газетінің Қарасай ауданындағы меншікті тілшісі Қуат Қайранбаевқа, облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі Жазира Исаева мен операторы Степан Мережкоға және «Заман жаршысы» газетінің тілшісі (әрі облыстық «Огни Алатау» газетінің тілшісі) Танзиля Мухтароваға және фототілшісі Ерлан Әлиасқаровқа «Алғыс хат» тапсырып, сыйлық ұсынды. Мұндай сыйлыққа, сонымен қатар, аудандық газеттің басқа журналистері де ие болды.
Редакциядағы бұл бас қосуда, сондай-ақ, аудандық мәслихаттың хатшысы Еділ Қалиев, аудан әкімінің орынбасары Ғалия Аманова, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қуат Қайранбаев сөз алып, ортақ мақсат орайындағы ізгі тілегін білдірді.
Соңынан аудандық «Заман жаршысы» газетінің бас редакторы Атлана Жанатқызы Исаева сөйлеп, аудан әкіміне журналистерге осындай үлкен құрмет көрсеткені үшін көп рахмет айтып, елге арналған қызметінің жемісті, жеңісті болуына, алда да халықтың қадірлісі атануына тілектестігін білдірді.
Р.S. Шынында да, біз үшін аудан басшысының журналистерді редакцияға тікелей келіп құттықтауы үлкен оқиға. Мұндай жағдай соңғы жылдары болған емес. Аудан әкімі, шын мәнінде, өзінің өнердің шынайы жанашыры екенін, бұқаралық ақпарат құралдарын сыйлайтынын тамаша танытты.