… «Сансызбай қайтыс болыпты» деген суық хабарды естігенде кәдімгідей қатты қамығып, қапаланып қалдым. Әй, бір нағыз жігіттің сұлтаны дерліктей еді ғой ол! Шынында да, қай жағынан алсақ та, үнемі тек биіктен көрінетін ардақты адам еді. Иә, осындай ойы оңды, ісі мығым, жұмысы мықты, елге қадірлі, көпшілікке құрметті жайдары жанның жүрегі соғуын ерте тоқтатыпты, өкінішті!..
Сансызбай Айтбаев өзінің табыстарына, жеңістеріне маңдай терімен, ілгерішіл ізденісімен, елеулі еңбегімен қол жеткізген қасиетті Қарасай ауданының іскер, ілкімді азаматы болатын. Осылайша орнықты, ұйымшыл үлкен ұжымның жұмысын әрқашан алға бастырып, барлығына жемісті жетекшілік ете білді.
Расында да, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген Сансызбай сан алуан гидротехникалық, мелиоративтік, ирригациялық, дренаждық жүйелер құрылыстары, яғни, су шаруашылығы сипатындағы өндірістік жұмыстардың білікті басқарушысы, шебер ұйымдастырушысы атанды. Оның еңбек жолы кешегі кеңес өкіметі кезіндегі республикалық «Главриссовхозводстройдың» «Иссыкводстрой» тресінде (аға прораб) және «Илеводстрой» тресінде (бас инженер) жақсы жалғасып, олар салған сандаған нысанда қолтаңбасы қалды. Ал, 1986 жылдан «ПМК-76» құрылыс мекемесін басқарды.
Ол президенті болып, жетекшілік еткен «Ақсу» акционерлік қоғамы еліміздегі осындай сипаттағы алғашқы ірі құрылыс бірлестігінің бірі еді. Сол кездегі ауыр жағдайға қарамастан Сансызбай істің көзін тауып, бәрін де жүйелі жүргізді. «Ақсу» бүкіл ел көлемінде әртүрлі ауқымды жұмыстар атқарды. Сонау Атырау, Ақтау, Жамбыл, Павлодар, Қарағандыға да барды. Алматы облысындағы «Шеңгелді» алқабын игеруге атсалысты. Жаңа астана ашылғанда жол салуға да қатысты. 2008-2011 жылдары қазіргі Түркстан облысындағы «Көксарай» су қоймасына қатысты істердің бел ортасында жүрді. 2003-2005 жылдары Қызылорда облысы, Арал қаласында ауыз су құбырын жүргізіп, оның алғашқы кезегінің берілу салтанатына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан!
«Ақсу» Ақтау қаласында мектеп және көз тартатын неке сарайын да салған. Тіпті, Қырғызстанда екі нысанды пайдалануға берген. Ал, өз облысымызда да олардың орасан жұмыс атқарғаны белгілі. Мәселен, осы өңірде 10 мектепті бітіріп берген. «Эфес» сыра зауытын тұрғызған. Қаскелеңдегі қала көркіне көрік қосып тұрған «Алтын ауыл» шағын ауданында 2005-2009 жылдары 22 көп қабатты үй мен 105 коттедж үйді, 1200 орындық мектепті де салған ақсулықтар!
…Мен көп жыл Қаскелең қаласының әкімі болдым. Марқұм сонда оның өсіп-өркендеуіне, дамуына үлкен үлесін қосып, қаланың, қала халқының игілігі үшін еш жәрдемін аяған емес. Әрдайым техникадан да, адам күшімен де көмектесетін.
Иә, ол іскер, ұйымдастыру қабілеті зор, байыпты басшы болды. Сонау бір егемендіктің елең-алаңындағы қиын кезде де құрылыс мекемесінің жұмысын тоқтатпағанына өзім де куәмін. Бірге жүріп, бірге тұрып дегендей, жақсы сыйласқан осы бір тамаша адам жайында, әрине, әдемі әңгімелерім аз емес.
Марқұм аңқылдаған ақ көңілді, кеңпейілді, бауырмашыл, ақжүрек жан еді. Алдына барғандардың меселін қайтармай, көмек беретін. Ағайын-туысына да жақсы қамқор болды. Қайырымдылық шараларына да белсене қатысып, үнемі үлкендердің ақ батасын, көпшіліктің ақ алғысын алып жүретін.
Тәрбиелі, өнегелі отбасының бас-иесі болды. Бір қыз, екі ұл өсіріп, олардан 5-6 немере сүйді.
Сөз соңында айтарым, марқұм Сансызбай Айтбайұлының жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын! Оның жарқын жүзі, жақсы сөзі, игі де ізгі істері әманда есімізде қалады.
Сағындық ЖЫЛҚЫБАЕВ,
аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы.