Өткен аптада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай жеріне арнайы іссапармен келіп, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар нысандарды аралады. Өңір басшысы әлеуметтік маңызы бар жобалардың қазіргі жұмыс барысымен танысып, құрылыс сапасын қадағалады.
Облыс басшысы Марат Елеусізұлы алдымен Кемертоған ауылына ат басын бұрып, осы елді мекеннің су тапшылық мәселесін шешу мақсатында қолға алынған ауқымды жобаға назар аударды.
Қазіргі уақытта Кемертоған ауылында 40 мыңнан астам халық тұрады. Дегенмен жыл өткен сайын тұрғындар саны артып келеді. Сондықтан судың жетіспеушілігі байқалады. Ауыл халқының көбі құдық суын пайдаланғанмен, оның сапасына наразылық білдіруде.
Аталған мәселені шешу мақсатында бүгінгі таңда ауылда су құбыры жүйесі жаңартылып, жаңғыртудан өтуде. Жоспар бойынша әрқайсының сыйымдылығы 1 400 текше метр болатын екі резервуар, екі су ұңғымасы салынып, ұзындығы 184 шақырымнан асатын магистральдық және абоненттік су желісі тартылады. Нәтижесінде 18 мың тұрғын таза ауызсумен қамтылады. Жобаның жалпы құны – 4,7 млрд теңге. Құрылыс жұмысы келесі жылдың аяғына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс алаңындағы жұмыс барысына баға беріп, оның маңыздылығына тоқталды. Аймақ басшысы су желісінің сапасына ерекше мән беру керек екенін айтып, халық игілігі жолындағы жобаны мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтар мен матариалдар әкелініп, 10 шақырым магистральды желі салынды. Биылға қажет 2,4 млрд теңге қаражат толығымен бөлінген.
Аймақ басшысы бұл сапар барысында Ақсай өзенінде орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарымен де танысты. Одан кейін Қаскелең қаласындағы аудандық көпбейінді ауруханаға барып, оның күрделі жөндеуіне мән берді.
Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаның бүгінде 80 пайызы дайын. Жоспарға сәйкес 1 қазанға дейін емхана мен қосалқы ғимараттар пайдалануға берілсе, 1 желтоқсанға дейін стационардың негізгі корпусы толық аяқталады.
Емханада бір ауысымда 500 адамға көмек көрсетіледі. Ал стационар 600-ден астам төсек-орынға шақталған. Құрылыс барысында инженерлік-коммуникациялық желілер толық жаңартылды. Сондай-ақ операциялық бөлімше де санитарлық талаптарға сай келетіндей жабдықталуда.
Облыс әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, мердігер ұйымға барлық жұмысты белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтауды міндеттеді. Жаңғыртылған аурухана іске қосылған соң Қарасай ауданының тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артады.
Жалпы айтқанда, жоғарыда атап көрсеткен өңір басшысының назарындағы барлық жоба Қарасай халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар болып табылады. Әрбірінің табысты жүзеге асырылуы ауданның даму деңгейін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

