16 маусым күні – Исламдағы ең үлкен мерекелердің бірі – Құрбан айтты тойлаймыз. Құрбан сөзі қасиетті Құран Кәрімнен алынған.
«Нәтижесінде оған баласының орнына ірі құрбандық нәсіп еттік» («ас-Саффат» сүресі, 107 аят).
Оның түбірі араб тіліндегі «қаруба» – «жақындау» етістігіне барып тіреледі. Діни тұрғыдан алғанда «жақындау» дегеніміз Алланың разылығын қалау дегенді білдіреді.
Ол үшін мұсылман өзін де, мал-мүлкін де Алла Тағалаға арнауы керек. Демек, Құрбан мейрамының мәні адам баласының тек сөзбен ғана емес, нақты іс-әрекетімен де Жаратушымыздың әміріне мойынсұнып, Оған берілгендігін көрсетуінде жатыр.
Құрбандық адамды сараңдықтан, мал-мүлікке деген махаббаттан сақтайды. Қоғамда бауырмалдық, өзара көмек көрсету сезімдерінің таралуына ықпал етіп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге үйретеді. Алланың барлық құлдарына Оның нығметтерінен үлес алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ адамдар жеке және жалпы ғибадаттарды бірге орындау арқылы Алланың разылығына ие болады.
Шалынған құрбандық етімен мұқтаж жандарға жәрдемдесудің сауабы үлкен. Қасиетті Құранның «әз-Зарият» сүресінің 19-шы аятында:
«Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген.
Құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған-туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалу – мұстахаб амал.
Құрбан айт барша мұсылмандардың мерекесі болып табылғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін сезінуі тиіс. Адамдар өзара қуаныш сезімдерін білдіріп, жақындарын құттықтап, сыйлықтар бергені абзал болады.
Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады», – деуі тегін емес.
Бұл Алла Тағалаға ісінде де, жүрегінде де мойынсұнғандардың мерекесі. Құрбан айт күндері мұсылман ішіп-жеуге, қымбат киімге, сәнді көліктерге қуанбауы керек. Ол күнәларының кешірілуіне, оттан азат етілу үшін әрекет жасағанына және Жаратушыға мойынсұнғанына қуануы керек.
Алла Тағала келе жатқан қасиетті құрбан айт мерекесін баршаларымызға мүбарак етіп, шалатын құрбандықтарымызды, атқаратын ізгі амалдарымызды қабыл еткей!
Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ,
Қарасай ауданының бас имамы.