Елбасының «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Жарлығына сәйкес, қазан айының соңғы жексенбісі «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» болып белгіленген. Мүмкіндігін тағдыр тарылтқан жандардың көңілін аулау – кімнің болса да кісілік парызы. Әйтсе де осы орайда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің рөлі үлкен. Олар жан жылуын сыйлап, шамаларынша кез келген көмегін көрсетеді. Жәрдемақы, төлемдердің және қызметтердің әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға бағытталып, мұқтаж азаматтарға тепе-тең әрі әділ түрде бөлініп, жаппай қамтылуы – аталмыш жүйе жұмысының жемісі. Бұл осы салада сан жылдар бойы қызмет етіп жүрген жандардың елеулі еңбегі. Солардың бірі ретінде ауданымыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 30 жыл бойы жұмыс істеген Шакарман Құзатбекованы атап айтуға болады.
Шакарман Бұлтбекқызы 1960 жылы Жаркент ауданы (қазіргі Панфилов ауданы) Қоңырөлең ауылында дүниеге келген. 1977 жылы орта мектепті аяқтаған соң, «Октябрь» қой совхозында жұмыс істепті. Ал, 1979 жылы Қазақ ауыл шарауашылық институтына (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) түсіп, «агрохимик, топырақтану» мамандығы бойынша тәмамдап шыққан. Жоғарғы оқу орнында бірге оқыған жары Бақытжан Ибрагимовпен 1983 отау құрады. Университетті тәмамдаған соң қол ұстасып, Қаскелең қаласына көшіп келеді.
Осылайша жас отбасы өздерінің еңбек жолын Қарасай ауданының орталығында бастайды. Бақытжан ағамыз мамандығына сәйкес сол кездегі «Қаскелең» совхозында жұмыс істесе, Шакарман әпкеміз бала тәрбиесінде болып, үйде отырады. Нақтырақ айтқанда, сол уақытта 1984 жылы ұлы Ғазиз өмірге келсе, 1986 жылы қызы Ақмарал дүние есігін ашқан. Декреттік демалыстан кейін 1989 жылы тура өзінің туған күнінде, яғни, 10 қазан күні Қарасай аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету (жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі) бөліміне есепші болып кіреді. Кейіпкеріміз осы салада 30 жыл тапжылмастан еңбек етемін деп мүлдем ойламапты. Дегенмен ,жаны тұрақтылықты, бастаған ісін соңына дейін апарғанды жақсы көретін қасиеті өз қызметінде жемісті жетістіктеріне жетуіне септігін тигізгендей. Бұл салада қызмет ету үшін әуелі темірдей төзім керек. Қамқорлыққа зәру жандардың сұраққа жауап бергенін, тапсырманы орындағанын күту, жұбату біраз күш-жігерді талап етеді. Ол – тек осы сала мамандарының ғана қолынан келетін іс. Сондықтан, оған тек үлкен жүрек иелері ғана бара алады.
– Айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан қоғамның мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж екені жиі байқалады. Тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік жағдайы төмендеп, пана іздеген аналар мен жұмыссыздар үшін де ыңғайлы, біртұтас ағзадай жүйелі жағдай жасауымыз керек. Онсыз да тағдырдың талқысына түсіп, көкірегі ашу мен өкпеге толған адамдардың назы мен өтінішін тыңдап, оларға тиесілі көмекті көрсетуіміз қажет. Мен ең бірінші осы қызметке келгенде өзімді тәрбиеледім. Мемлекеттік қызмет алдымен адамды этика мен тәртіпке үйретеді. Сол арқылы жан-жағыма қарап бой түзедім. Білгенімді жетілдіріп, білмегенімді еш қымсынбастан сұраудан ұялған емеспін. Оған қоса мінезімнің қатаң тұстарын басып, сабырлы болуды үйрендім, – дейді өз қызметінен сыр шерткен Шакарман әпкеміз.
Иә, расымен өз жұмысына берілген кейіпкерімздің жан тазалығы сыртынан-ақ көрініп тұрғандай. Биязы даусы мен өз ортасына сыйлы жібектей мінезі қызметінің алға өрлеуіне де өлшеусіз үлесін қосты.
Шакарман Бұлтбекқызы Кеңес одағының құрамындағы мемлекеттер біртіндеп тарап, тәуелсіз Қазақстан болып енді бой көтерген қиын-қыстау уақыттарда жұмыс істеген болатын. Ең ауыр кезеңдерге тап келген қызметінің алғашқы жылдарында Шакарман әпкеміз, артқа қарайламай білек сыбана жұмысқа кірісті. 1991-1993 жылдары аралығында бір сәтте жұмыссыз қалған адамдардың жұмысқа кіруіне жол сілтеп, құжаттарын реттеуге де септігін тигізді. Жас еліміздегі қабылдаған жаңа заңдарға сәйкес түрлі топтағы жандар үшін шығарылған мемлекеттік бағдарламаларды жіктеп түсіндіруге де бар күшін салатын.
Ол кездегі жас маман –бүгінде тәжірибелі қызметкер. Айта кету керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұмыспен қамту, зейнетақы тағайындау, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс барлығы бір бөлімге қарайтын. Ал, қазір барлығы өз алдына бір-бір мекеме болды. Мәселен, 1998 жылы Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы Қарасай аудандық филиалы, ал, 1993 жылы Жұмыспен қамту орталығы бөлініп шықты. Осы ауыр кезеңдерде ерінбей қызмет еткен Шакарман әпкеміз биыл жұмысының жемісін көріп, 30 жылдық тәжірибесімен 15 қазан күні зейнеткерлікке шықты. Жан жары Бауыржан ағамыз екеуі балаларына білім беріп, тәрбиелеп өсірді. 1984 жылы туған ұлы Ғазиз Ибрагимов жеке кәсібімен айналсады. Ұлы Ғазиз келіні Бибінұр Айтбаева екеуінің Адия мен Гүлфайруз есімді балалары бар. 1986 жылы өмірге келген қызы Ақмарал Ибрагимова «Аir astana» әуе компаниясында стюардесса болып істейді.
Жандары жабығып пана іздеп жүрген жандарға дұрыс жол сілтеп, қажет кезінде көмегін көрсетуден аянбайтын Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Алғыс арқалап жүрген мамандық иелеріне жұмыстарына жеміс, отбасыларына байлық тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.