Ел тағдырындағы тағы бір тарихи жағдайға куә болдық. Бүгін Қазақстанның жаңа ақ парағы ашылды десек болады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде ұлықтау рәсімі өтті. Бүгіннен бастап ол ел тізгінін ұстаушы ретінде жаңа қызметіне қайта кірісті.
Мемлекет басшысының халық сеніміне ие болып, ұлт тағдырына жауапты болуы бәрімізді қуантады. Қасым-Жомарт Кемелұлының осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары онсыз да барша жұртшылықтың оған деген сенімін нығайта түскені жасырын емес. Бүгінгі ұлықтау рәсімінде де тағдыршешті бірқатар бастамаларды көтеріп, болашаққа деген қадамды тағы нақтылай түсті.
Президент бүгін өз сөзінде әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс екенін айтты. Оның ішінде, әсіресе, ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыруға баса назар аударды. Мемлекет басшысының бұл айтқандары өте орынды деп есептеймін. Қоғамның жаңаруы үшін расымен де Президент айтқандай, осындай кәсіп иелеріне құрмет артуы тиіс.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарға сеніммен қарап, ауылдың дамуына күш салу керектігін жеткізді. Елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтарып, оларды азаматтардың игілігіне жұмсалуы қажеттігін қадап айтты.
«Қазір сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез», – деген Президенттің бүгінгі айтқан ойлары елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталып отырғанын бірден түсінуге болады. Бұл өте – құптарлық дүние.
Ел Президентіне үлкен үміт артып, болашаққа сеніммен қараймыз.
Руслан КУККУЗОВ,
Қарасай аудандық көпсалалы аурухана басшысының ұйымдастыру әдістемелік ісі бойынша орынбасары