Өскелең ұрпақты саламатты өмір салтын ұстануға шақыру, бұқаралық спорттың ауқымын кеңейтуге елімізде үлкен назар аударылып отыр. Осы бағытта мерекелік күндері және жыл сайын дәстүрлі түрде спорттың бірнеше түрінен ұдайы сайыстар ұйымдастырылып келеді. Бірер күн бұрын сондай ауқымды шараның бірі «Аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының» бастамасымен Кеген ауданында өткізілді.
Мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің арасында өткен жарыс екі саланың кәсибі мерекесіне арналды.
Жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әсерлі ойын көрсете білген додаға аудан әкімінің міндетін атқарушы Кеңес Қабылбеков арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тілеп, оны көпшілікпен бірге тамашалады.
– Спортты дамыту – мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі. Сол саясатты жемісті жүзеге асыру үшін әр азамат саламатты өмір салтын ұстануға тырысуы тиіс. Ал полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер үшін бұл – тіпті, міндет. Осы ретте бұл сайыста бар күштеріңіз салып, жастарымызға үлгі болатындай жақсы ойын көрсетіңіздер.
Алда келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын! Барлық командаға сәттілік тілейміз, – деді Кеңес Күнесбайұлы.
Спартакиада бағдарламасына сәйкес спорттың бес түрінен, яғни волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, арқан тарту мен гір тасын көтеруден мықтылар анықталды.
Барлық қатысушылар тамаша дене дайындығын және бәсекелестік рухын көрсеткен жарыс жиналған жұртшылықты тәнті етті. Әрине, спорттық дода болған жерде қай ойын түрінің де талас-тартыспен өтетіні айқын. Дегенмен, күштілер мен ептілер мұнда да іріктеліп шықты.
Спорттың әр түрінен жеңіске жеткен және жүлдегер атанған командаларға аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының дипломдары, медальдары, кубоктары және бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Марапаттау рәсімін аудан әкімінің міндетін атқарушы Кеңес Қабылбеков пен «Аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының» директоры Гайдар Мұқанқожаев жүргізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Полиция мен мемлекеттік қызметтің өкілдері арасында кіл мықтылар анықталды
Главная » Новости » Мемлекеттік қызмет » Полиция мен мемлекеттік қызметтің өкілдері арасында кіл мықтылар анықталды