Күні кеше «Amanat» партиясы Қарасай аудандық филиалының кезектен тыс XXXVI конференциясы өтті. Оның жұмысына партияның мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, бірқатар бөлімнің, мекеменің, ұйымдардың өкілдері және «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Конференцияны «Amanat» партиясы Қарасай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаныбек Айтжанов жүргізіп отырды. Күн тәртібіне сәйкес бұл жиында Президент Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауын, «Amanat» партиясының Сайлауалды тұғырнамасын талқылау, «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс XXX конференциясына делегат сайлау және «Amanat» партиясынан Шамалған ауылдық округі әкіміне кандидат ұсыну туралы ой-пікірлер ортаға салынды. Оның алғашқы мәселесі бойынша аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов сөз алып, Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында айтылған басты бағыттарының кейбіріне жеке тоқталды. Атап айтқанда, «Жаңа Қазақстан» реформасының сипатын түсіндіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында атқарылатын жұмыстарды баян етті.
Күн тәртібінің екінші мәселесіне қатысты «Amanat» партиясы Қарасай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қ.Айтжанов баяндама жасап, партияның Сайлауалды тұғырнамасын талқылады. Сонымен қатар Қаныбек Құлжабайұлы үшінші мәселеге де тоқталып, «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс XXX конференциясына ұсынылған делегаттарды таныстырды. Көпшілік бірауыздан олардың құрамын бекітуге қолдау білдірді. Конференцияның күн тәртібіне сәйкес ең соңында «Amanat» партиясының атынан Шамалған ауылдық округі әкіміне кандидат ретінде Ержас Тоқтасыновты ұсыну туралы мәселе қаралып, партияластардың келісімімен мақұлданды.
Жиын соңында «Amanat» партиясы Қарасай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаныбек Айтжанов конференция жұмысына қатысқандарға алғысын білдіріп, партияның мақсат-міндеттері айқын екенін жеткізе келе, табысты еңбек етуге шақырды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Партияның аудандық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті
Главная » Новости » "Аманат" партиясы » Партияның аудандық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті