Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында барлық сала жан-жақты қамтылған. Бұл қатарда жастардың да мәселесі айтылып өткен. Осы ретте өткен аптаның жұмасы күні аудандық «Nur Otan» партиясы филиалында жастар жиын өткізіп, ел Президентінің Жолдауын талқылады.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен жиында жастар Президент Қ.Тоқаевтың қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған Жолдауы туралы кеңінен әңгіме өрбітіп, өз пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, Мемлекет басшысының ел жастарына жасап жатқан қолдауына тоқталды.
Аталмыш басқосу барысында дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық, шетелдік ірі оқу орындарында оқуына қолдау көрсету, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын жою сияқты жастарды белсенді ету мақсатында енгізілген өзгерістер туралы айтылды. Сондай-ақ, Жолдауда еліміздің ауылдық мектептерінде білім беру жүйесін жетілдіру, жоғары оқу орындарында білім беру сапасы мен ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру қажеттілігі қазіргі еліміздегі жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына берілген мүмкіндік екені де жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, Президентің келесі 2020 жылды Волонтерлер жылы ретінде жариялауы елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға жаңа серпін беріп, жаңа жүйелі тәсілдерді анықтап, жеке адамдар мен ұйымдардың күш-жігерін біріктіріп, көптеген жылдар бойы волонтерлік қызметтің әртүрлі саласында жұмыс істегендердің барлығы үшін үлкен жеңіс екені де айтылып өтті.
Мұнан бөлек, басқосу барысында Жандосов ауылдық округі әкімдігінің нұсқаушысы Альмира Кудагелдинова және «Жәрдем» медициналық колледжінің 3 курс студенті Дана Орынбаева сөйлеп, Жолдауда көрсетілген міндеттер бойынша өз пікірлерін ортаға салды, оның халық үшін тиімді жақтарына тоқталып өтті.
Жиын соңында жастар Жолдауда айтылған басқа да маңызды мәселелер туралы өз ойларымен бөлісті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.