Алда келе жатқан сайлау науқанына байланысты «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының сайлауалды штабы өз жұмысын бастады. Ол тоғызыншы қантарға дейін сайлауға дайындық және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін болады.
Осы ретте өткен аптаның жұмасы күні аудандық сайлауалды штабтың қоғамдық бөлмесінде штаб мүшелері бас қосып, науқанға қатысты міндеттерін пысықтап, алдағы жоспарларын бекітті. Жиында штаб төрағасы, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов әдістемелік нұсқаулықтар мен заңнамалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол ағымдағы жағдай мен штаб жұмысы жайлы айтып, барлық іс-шаралар желілік кесте бойынша белгіленген уақытында және жоспарға сай өткізілу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, Қаныбек Құлжабайұлы елде өткелі отырған саяси науқанның маңыздылығына тоқтала келіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын өткізудің ережелерін қатаң сақтауға шақырды, алдағы атқарылатын жұмыстарға байланысты нақты тапсырмалар берді.
Мұнан бөлек отырыста аудандық партия филиалы сайлауалды штабы төрағасының орынбасарлары Сағат Мәсімақынов пен Сағындық Жылқыбаев сөйлеп, саяси науқанды өткізуге атсалысатын жастарға өз ақыл-кеңестерін айтып, сәттілік тіледі.
Айта кетерлік, штаб құрамына партияның белсенді мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері және «Жас отан» жастар қанатының мүшелері кірген.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.