Бүгін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі өтті. Партия «Аманат» деп аталатын болды. Бірақ атаудан басқа да өзгерістер таныстырылды. Президент партия ребрендингі оның атауы мен жазылуын өзгертуді ғана білдірмейтінін атап өтті. Алдыңғы кезекте барша партиялық жұмысты қайта құру керектігін, айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. Оның пікірінше, ең алдымен, орталықтан тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет. Өйткені, партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық байқалады. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытқан. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болатындығын Президенттің атап айтқаны көңілге қонымды болды. Мемлекет басшысының пайымынша, орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Сонымен қатар, ол бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керектігін айтты.
Жылдар бойы үнсіз болған, саясатпен айналысып жүрген кейбір адамдар, қазіргі жылымықты пайдаланып әлеуметтік желіге жаппай шыға бастады. Олар ақпараттық кеңістікті жаулап алуы Мемлекет басшысын алаңдатады екен. Сондықтан Президент осы негізде неше түрлі қауесеттер, жалған ақпарат таратып, елді адастыруға жол бермеу үшін партия белсенділері заманауи ақпарат құралдарын пайдаланып, саясатымызды жан-жақты түсіндіруі керектігін тапсырды. Өйткені, партияның жоспарларын, қолға алып жатқан іс шараларымызды көбі біле бермейді.
Мемлекет басшысы партияның келешегі жөнінде айта келіп, оның бұған дейін атқарған жұмысын ұмытуға болмайтынына, өз ісіне берілген партия белсенділерінің қажырлы еңбегіне құрметпен қарау керек екеніне тоқталды. Президент еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет, партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс екендігін тілге тиек етті.
Айгүл КЕМПІРБАЕВА,
В.Белинский атындағы орта мектебінің директоры.