Өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті.
Жиын барысында халық қалаулылары облыс аумағындағы сапарлары шекаралық аудандардың инженерлік-инфрақұрылым, әлеуметтік, логистикалық, туризм, тағы басқа да түйінді мәселелерді жүйелі шешу бағыт алатындығын жеткізді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшісі Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, өңірлерге сапар алдында Парламентте тиісті мемлекеттік орган басшыларымен ауқымды талқылау жиыны өткен.
💬«Трансшекаралық сауда және кеден қатынастары саласындағы мемлекетаралық және үкіметаралық шарттарды, сондай-ақ туризмді талдау, автомобиль жолдары мен жол бойындағы сервистің жай-күйін қарастыру, өткізу пункттері арасында сауда-көлік логистикалық орталықтар, қонақүйлер салу, облыстардағы жұмыс орындарының ұлғаюын ескере отырып, жергілікті халықты тарту мәселелері, сондай-ақ шекара бекеттерін күшейту жөнінде зерделеу жұмыстарын жүргізу талабы қойылды. Осы жолғы өңірлерге басталған сапарымызда негізгі басымдықтарды осы бағытқа салатын боламыз», – дейді Жанарбек Әшімжанов.
Басқосуда мәслихат депуттары да көкейкесті проблемаларды көтерді. Мәселен, Кеген аудандық мәслихат депутаты Алмасбек Нұғман өңірде туристердің саны жылдан жылға көбейгендіктен туристік полиция ведомствосын құру қажет екенін айтты.
💬 «Кеген ауданы туристік бағытта дамып келе жатыр. Осы ретте туристер мен қала қонақтарын қызықтыратын сұрақтар бойынша кеңес беру және ақпараттандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы туристік полициялер қажет. Өйткені, елімізге саяхаттап келгендермен жұмыс жасауда полицейлердің саны жеткіліксіз. Сондықтан, арнайы ведомство құруды ұсынамын», – дейді депутат.
Парламент депутаттары жиында қатысушылардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, бірлесе талқылап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі