Париж төрінде ән салған ауданымыздың жас таланттары жүлделі оралды. Олар: аудан орталығы – Қаскелең қаласындағы «Атамұра» балабақшасының тәрбиеленушілері Даниелла Хе мен Меруерт Қодас. Жас өрендер «Салют талантов» шығармашылық орталығы биыл осымен 28-ші рет ұйымдастырған «Париж, я тебя люблю!» атты халықаралық жарыста өз бақтарын сынады. Нәтижесі де жаман емес, әр елден жиналған 400 өнерпаздың ішінен Даниелла мен Меруерт екеуі де жүлделі бірінші орынды иеленді. Байқауда Даниелла «Бибика», Меруерт Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін орындады. Сондай-ақ, күз айында Санкт-Петербург қаласында өтетін суперфиналға жолдама алды. Бүлдіршіндер Қаскелең қаласында екі жыл бұрын ашылған «Соло стар» балаларға арналған өнер студиясының тәлімгерлері. Париждегі жарысқа бұл өнер орталығынан он адам барған. Олардың барлығына вокал бойынша сабақты қырық жылға жуық тәжірибесі бар ұстаз, әрі осы орталықтың жетекшісі, ҚР «Білім беру ісінің үздігі» Қыдырбек Малибеков жүргізеді. Қазіргі таңда Қыдырбек Әкімжанұлы басшылық ететін студияда 20-дан аса бала ән өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүр.
Олар бұл халықаралық жарысқа барар алдында, өз деңгейлерін сынап, көптеген республикалық байқауларға қатысқан. Күн сайынғы сабақтардың санын арттырып, шығармашылықтарын шыңдаған. Жас таланттарды сонау Париж қаласына алып барған жетекшілері Қыдырбек Әкімжанұлының айтуынша, балалардың барлығы, жарыстан ерекше әсермен қайтқан. Сонымен қатар, жас таланттарды қолдау үшін Қазақстан Республикасының Франциядағы елшісі Жан Ғалиев байқау концертіне арнайы келіп қатысқан. Барлығына басталар алдында сәттілік тілеп, аяқталған соң естелік суретке де түсіпті. Дүбірлі додадан оралған бүлдіршіндер қазіргі таңда Санкт-Петербург қаласында өтетін суперфиналға дайындалып жатыр.
Еліміздің атын әлемге танытқан өнерлі өрендерді ауданымыздың да мақтанышы болған Меруерт пен Даниелланың алдағы үлкен бәсекелерде әрдайым жеңімпаз атанып, әрі қарай шыңдала беруіне тілектеспіз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.