Жақында Тасашы ауылында Кеген ауданының жастар ресурстық орталығы және «Yerkin» академиясы жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жас отбасылар арасында аудандық «Толағай» отбасылар сайысы өтті.
Жарыс басталмас бұрын алдымен Тасашы ауылдық округінің әкімі Ерболат Төребаев сөз алды. Округ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі.
Отбасылық сайыста бақ сынау үшін ауылдық округтерден оза шапқан 7 команда қатысты. Атап айтар болсақ. Бөлексаз ауылынан Жетпісбаевтар отбасы, Тасашы ауылынан Әбдірахмановтар отбасы, Кеген ауылынан Тоқтанбай отбасы және Ұзынбұлақ ауылынан Талдыбаевтар отбасы.
Аталған отбасылар жеке топты құрды. Әрбірі жеңіс мәресіне жету үшін бірнеше кезеңнің шарттары бойынша сынға түсті. Әр ауылдың намысын қорғап келген жас отбасылар ортада барын салып, өз шеберліктерін көрсетті. Жарысқа қатысушыларды бағалап, жеңімпазды анықтау үшін қазылар алқасы ұпай сандарын беріп отырды.
Отбасылық сайыс саламатты өмір салтын насихаттайды. Сондай-ақ дәстүрді дәріптеп, бірлікті бекемдеуге бағытталған. Бұл жайында Кеген аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Тоғжан Біржансалова марапаттау рәсімі кезінде айтты.
– Біздің бүгінгі шарамыз жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтей білуге шақыру, саламатты өмір салтын насихаттау, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын және бірлігі мен тірлігі, достығы ұйыған отбасыларын жан-жақты насихаттай отырып, жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталады, – деді жастар ресурстық орталығының басшысы.
Сонымен сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынға Ұзынбұлақ ауылынан келген Талдыбаевтар отбасы ие болса, екінші орын Кеген ауылындағы Тоқтанбай отбасына табысталды. Үздік үштікке Бөлексаз ауылының атынан сынға түскен Жетпісбаевтар отбасы мен Тасашы ауылынан келген Әбдірахмановтар лайық деп танылды.
Барлық қатысушыларға Кеген аудандық жастар ресурстық орталығының және «Yerkin» академиясы академиясы жастар қоғамдық бірлестігінің атынан Алғыс хаттар, сондай-ақ заттай сыйлықтар табысталды.
Бұл игі шара біріншіден, дені сау ұлттың қалыптасуына атсалысса, екіншіден, сайысқа қатысқан әр отбасыға рухани және мәдени мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.
Кеген ауданы.