Қырғауылды ауылында тұратын Иса атамыз 99 жаста
Сонау бір күндей күркіреп өткен сұрапыл соғысқа қатысқан жүздеген қарасайлықтар да қан майданның қақ ортасында жүріп, елін, жерін ерен ерлікпен қорғады.
Отан үшін от кешкендердің сапында Қырғауылды ауылында тұратын 99 жастағы Керімтаев Иса атамыз да бар.
Жақында, яғни, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы алдында соғыс ардагері ақсақалдың үйіне арнайы барып жолыққан едік. Көргенімізде қатты қуанып та қалдық. Өйткені, ол кісі өзі жақсы жүріп-тұрады екен, әңгімесін де асықпай кеңінен келістіре айтады екен. Әсіресе, қолындағы гармоньды тамаша тартып, көңіл-күйінің көтеріңкі екенін көрсеткеніне әбден риза болдық.
Иса Төлеңгітұлы өткен ғасырдағы 1921 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Райымбек (бұрынғы ВОГПУ-дың қосалқы шаруашылығы) ауылында дүниеге келген. 1928-1935 жылдары Жамбыл облысындағы қазіргі Отар стансасындағы мектепте оқыпты. Ал, 1936-1940 жылдары бойында жігер отты жалындаған, талабы таудай бозбала ҚазПИ-дің Түрген ауылындағы педагогикалық жұмысшылар факультетінде білім алған. Оны бітіргеннен кейін Қаскелең ауданындағы Ленин және Бірінші Май мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі болған.
Жас ұстаздың жұмысы осылай жалғаса берер еді… Бірақ, көп ұзамай ашық аспанды қап-қара бұлт торлап, дүниенің астаң-кестеңі шықты, елдің батысынан естілген «Соғыс!» деген сұмдық суық сөз байтақ қазақ жеріне де «едел-жедел жетті»… Сөйтіп, 1942 жылы қазан айында ол да қолына қару алып, Отанын қорғауға аттанады.
Осылайша Иса атаның 7-ші гвардиялық дивизияның полковник Калощин басқаратын 326-шы гвардиялық миномет полкы қатарындағы сан мәрте сойқан соғысқа кірген ауыр жорық жолдары басталады. Алдымен қандыкөйлек қаруластарымен бірге Украина мен Белоруссия жерін азат ету үшін неміс-фашистерімен алапат айқасқа түседі.
– Күн сайын дерлік өліммен бетпе-бет келдік қой, – дейді бөлімше командирі болған Иса ата сол кездерді жадында қайта жаңғырта отырып. – Березина, Неман өзендерін басып өттік, Минск, Раков, Молодечко, одан әрі Гродно, Вильнюс, Каунас қалаларын азат еттік. Жеңіс туралы көп күткен хабарды Кенисберг (қазіргі Калининград) қаласында естіп, қуанышым қойныма сыймай шаттанғанымды әлі күнге ұмытпаймын!
Аға лейтенант атамыздың кеудесінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков» және т.б.көптеген медаль жарқырайды. Бұл, әрине, оның майдан даласында қарша бораған оқтың ортасынан оралғанын айғақтайды.
1946 жылы елге қайтысымен бейбіт өмірдегі еңбегін тағы да ұстаздықтан бастап, Жаңатұрмыс ауылындағы бастауыш мектептің меңгерушілігіне тағайындалған. Бір қызығы, 1947-1949 жылдары Алматы шет тілдер институтында оқып, ағылшын тілін меңгеріпті… Тіпті, Шамалған стансасындағы «ВЛКСМ-нің ХХХ жылдығы» мектебі мен Ушинский мектебінде осы тілден сабақ та беріпті.
Ал, 1953-1983 жылдары табан аудармай аталған Ушинский мектебінің директоры болып, осы білім ұясына көп еңбегін сіңірді.
Иса ата соғыстан қайтқан 1946 жылы-ақ өзінің өмірлік жары Гүлсім Садыққызын жаңылмай тауып, екеуі елге үлгілі шаңырақ көтерген. Содан Мариана, Сара, Жанна, Сәуле, Шолпан атты қыздары мен Нұрбек, Бейсен есімді ұлдары дүниеге келген. Бүгінде олардан 10 немересі, 14 шөбересі бар.
Бір өкініштісі, қатар жүріп, ұзақ уақыт бірге ұстаздық еткен кемпірі Гүлсімнің өмірден озғанына он жылдан асса, биыл өзі қолында тұрған үлкен баласы Нұрбек те қайтыс болыпты… Қазір оның жолдасы Светлана атасының қас-қабағына қатты қарап, жақсы күтім жасап отыр екен.
Осы тұста қарияның үшінші қызы Жанна Керімтаеваның белгілі кино актрисасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі екенін айта кеткеніміз жөн. Ал, ол қазақтың белгілі жазушысы, кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Қазақ совет энциклопедиясы» бас редакторының орынбасары болған Әбен Сатыбалдиев пен алты алаштың ардағы, ұлтымыздың ұлы тұлғасы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апамыздың ұлдары, қоғам қайраткері, баспагер Ерлан Сатыбалдиевтың жан жары екенін де білген дұрыс шығар.
Міне, жүз жасап отырған майдангер атамыз Иса Төлеңгітұлы осындай жан.
Ұлы Жеңіс мерекесімен, ардақты майдангер ата!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.