Кешегі күндей күркіреп өткен Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданның қақ ортасында жүрген қарасайлықтардың қатарында марқұм Шәлімбеов Әмірқұл атамыз да болған-ды. Иә, ол кісі сонау жан беріп, жан алысқан аса ауыр айқастарда, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау күндерде кешегі ортақ Отанымыз – Кеңес одағын басып алмақ болған арам ниетті неміс-фашистерімен батырлықпен шайқасқан қазағымыздың қаһарман қара баласының бірі еді!
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сұрқай кез, сұрапыл шақта бейбіт өмірді сақтап қалған майдангерлердің ерлік істері еш уақытта да жадымыздан өшпейді, біз олардың рухына әрдайым үлкен құрмет көрсетеміз.
Әмірқұл атамыз 1911 жылы 16 наурызда Бірінші Май ауылында дүниеге келіпті. Сонда биыл, қарап отырсақ, туғанына 110 жыл толыпты.
Еті тірі, білімді, алғыр жас еңбекке ерте араласқан. Ал, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғы мен отызыншы жылдарының басында аудандық милицияда істеген екен. Әскерден оралған соң аудандық төлқұжат үстелінің басшысы, жинақтау кассасының меңгерушісі болған.
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ майданға аттанған. Бұл бір қараниетті каскөй жау күштерінің Мәскеу түбіне таяп қалған кезі еді. Дәл осында көрнекті әскери жетекші, генерал-майор Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының айрықша батырлық көрсетіп, бас қаланы қорғауға орасан зор үлес қосқаны тарихтан белгілі. Ротаның политругы (саяси жетекші) Ә. Шәлімбеков осы қып-қызыл оттың ортасында жауынгерлердің бойына сенім ұялатып, рухын көтеріп, шайқастарға батыл бастап жүрді. Мәскеуді қорғаудағы ерлік пен батырлықтың үлкен үлгісін көрсеткен бұл құрама кейіннен 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы атанды ғой. Иә, Әлімқұл атамыз да нағыз панфиловшылардың қатарындағы қаһарман.
1968 жылы «Қазақстан» баспасынан Балтабек Жетпісбаевтың «Жорық жолдары» атты кітабы жарық көрген. Соның ішіндегі С.Шәлімбеков туралы «Әке жолы» деген мақаласында автор былай деп жазады: «… Әмірқұл екеуміздің жауынгерлік жолымыз бірге басталды. Алматы қаласында құрылған Панфилов дивизиясының қатарында бірге болып, алғашқы ұрысқа Москва түбінде кірген едік. 1941 жылғы ноябрь, декабрь айларындағы қаһарлы аяз қалай естен кетсін! …Москваға қауіп төнген сол бір ауыр кезеңдерде біз Москва түбіндегі орман ішіне бекініп, фашистерді алға бір қадам бастырмау үшін тас-түйін болып тұрған едік. Мақсатымыз – өліспей беріспеу, жауды қалай да тоқтату. Күн сайын дерлік ауыр шайқастар жүріп жатты. Тұрағымыз окоп іші, айналамыз әппақ қар, сақылдаған сары аяз. Әрбір ұрыстан кейін блиндаждарды түзетіп, окоптарды қайта тазалаймыз. Бұл оқ пен оттың астында қар жамылып, мұз жастанып жүрген бір кезеңдер еді».
«…Адам осындай қиындық үстінде танылады емес пе? – дейді тағы да автор. – Мен Әмірқұлдың қыры мен сырына сол күндерде қанықтым. Кіші политрук Ә. Шәлімбеков өзінің табандылығымен, қайсарлығымен, қиындыққа мойымайтындығымен бізді сүйсіндірген еді. Ол өзінің ротасында берік тәртіп болуына, жауынгерлердің әскери дайындығын үнемі жетілдіре беруге бар күшін салатын. …Ержүрек жерлесіміз, кіші политрук Ә.Шәлімбеков ұрыстарда екі рет жараланды. Бірақ, екі ретінде де өз батальонына қайта оралды. Ал, үшінші рет жараланғаннан кейін ол қайтып оралмады. Мұндай жағдайда адамға жаман ой жиі түсетіні мәлім. Сондықтан мен де Әмірқұл қаза тапқан шығар деп іштей тұжырым жасап жүруші едім. Бірақ, мен қателесіппін. Топшылауымның дұрыс болмай шыққанына қалай қуандым десеңізші!»
Ал, аталған кітаптан алған мына үзінді майдангердің батылдығы мен ерлігіне, тіпті, ерекше тәнті етеді: «…1941 жылдың ноябрь айында генерал Панфилов 1075- атқыштар полкының офицерлерімен бірге танкіге қарсы қолданылатын қаруды сынауға қатысты. Жаңа қаруды генералдан кейін Ә. Шәлімбеков қолына алды. Оның атқан оғы нысанаға қойылған рельсті жарып өтті. Генерал одан:
– Қару қалай атады екен? – деп сұрады.
–Өте жақсы! Осы қаруды маған бекітіп беруіңізді сұраймын.
Панфилов басын изеді. Міне, сол күннен бастап кіші политрук Ә. Шәлімбеков ротадағы танкіні жою тобын басқарған болатын. Ол жауға қарсы нағыз ерлерше күресті. Москва түбіндегі айқастың бірінде, біздің әскердің алға жылжуына кедергі болған, жау пулеметтерін түн ішінде жою соның тобына тапсырылды. Таң атқанша созылған ұрыста олар жау пулеметтерінің үнін өшірді. Таң атысымен біздің жаяу әскерлер шабуылға шықты. Бірақ, қираған үйлердің арасында жасырынған жау танкісі бар екен. Ол танктер бізге от шашып, жолды бөгеді Шәлімбеков бұл тұста танкіге жақындап келді де, оның ұрымтал жерін дәл көздеп атты. Танк өртенді, Әмірқұл өзі де кеудесіне оқ тиіп жығылды. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, осы сәт жанына снаряд түсіп жарылды. Ауыр хәлде санбатқа жеткізілген Әмірқұл дәрігерлердің көмегі арқасында тірі қалды. Содан кейін бір жылдан астам ол госпитальда жатты. Ауыр жарақат Әмірқұлды соғыс бітпей-ақ туған жеріне – Қаскелеңге қайтуға мәжбүр етті…»
Міне, соғыс солдаты – гвардия аға лейтенанты осындай қайтпас қайсар, ержүрек, әрқашан ерлікке даяр, өр рухты, батыл, батыр болған! Кеудесіне тағылған І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «ҰОС-да Германияны жеңгені үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» сияқты бірнеше жауынгерлік медальдары, басқа да көптеген мерекелік медальдары, осы бір елі мен жері үшін от кешкен, 1990 жылы дүние салған ардақты атамыздың асқақ бейнесін әрқашан да көз алдымызға анық әкеледі! Оның есімі де Қаскелең қаласы орталық алаңындағы Отан соғысының боздақтары мен қатысушыларына арналған ескерткіш-обелискіге ойып жазылған. Бұл, әрине, кейінгі ұрпақтың үлкен құрметі!
Сойқан соғыстан бірінші топтағы мүгедек болып қайтқан ол кісі бейбіт өмірде де елеулі еңбек етті, туған елінің ортақ игілігінің артуына өз үлесін қосып, талай жауапты қызметті абыроймен атқарды. Оның ішінде Қошмамбет колхозының есепшісі, республика қаржы министрлігінің аудан бойынша бақылаушы-ревизоры, адвокат, Іле, Балқаш аудандарының халық судъясы (1948 жылы Алматы заң мектебін бітірген), аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы, нотариалдық кеңсе меңгерушісі, Қаскелең «Межколхозстрой» мекемесінің кадр жөніндегі инспекторы және т.б. жұмыстар бар.
Атамыз екі рет үйленген, алғашқы зайыбы Шәлімбекова Күлжамал еді, ол кісі дүниеден өткен соң Шалабаева Айшабүбімен бас қосыпты. Еркен, Ермек, Ержан есімді ұлдары қайтыс болған. Ал, Роза, Анаргүл, Майра атты қыздары бала-шағаларының қызығын көріп, орталарында отыр. Иә, ұрпағы, үрім-бұтағы өсіп-өнуде. Мәселен, Шәлімбекова Салтанат Ермекқызы, Ботакөз Ермекқызы, Әмірқұл Ләззат Әлікқызы, Әмірқұлов Бақытжан Жанатбекұлы, Шәлімбекова Камилла Ержанқызы, Амандықова Айдана Болатқызы, Болатбекқызы Аянат тәрізді немерелері өмірден өз орындарын тапқан. Жайқалған жас құрақтай болып бірнеше шөберелері өсіп келеді.
Ұлы Отан соғысының ардагері, қаһарман жауынгер, еліне көп еңбегі сіңген ардақты азамат Әмірқұл ата Шәлімбеков туралы айтпағымыз осы еді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.