Биыл жыр сүлейлері Сүйінбай мен Жамбылдың ізін жалғап, өлеңнің қара жорғасы атанған халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтің туғанына 130 жыл және ақынның тікелей ұрпағы, ақын, суретші, үздік өлкетанушы атанған Әуелбек Ысқақов 60 жасқа толып отыр. Осыған орай, жақында аудандық тарихи-өлкетану музейінде Әуелбек ағаның қаламынан тамған картиналардан жинақталған «Қос өнер – қос қанатым» атты сурет көрмесінің ашылуы болды.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған көрмеге аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова, ҚР Үздік өлкетанушысы Әуелбек Ысқақов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жыршы-термеші Жылбек Тоқтасынов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ермек Жұматаев, Үмбетәлі Кәрібаевтың қызы Әлия Керменбекова, Жамбыл ауданы және Үмбетәлі ауылы музейлерінің қызметкерлері, ауданның қоғамдық ұйымдарының жетекшілері мен мектеп оқушылары қатысты.
Шараны аталмыш музейдің директоры Серік Қалиев ашты. Бірінші болып сөз алған Әуелбек Ысқақов өткен тарихымыздың күрделі де қызық беттерін өз өмірімен, өлең жолдарымен өрнектеген, жыр жампоздары Сүйінбай мен Жамбылдың ақындық өнерін ары қарай дамытып, жалғастырушы, әрі олардың талантты шәкірттерінің бірі Үмбетәлі Кәрібаевтың туындылары туралы айтып, жиналған қауымға бүгінгі сурет көрмесіне келгендері үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Үмбетәлі ақынның қызы, ұлағатты ұстаз Әлия Үмбеталина, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, күйеу баласы Әуесбай Тәжібаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жыршы-термеші Жылбек Тоқтасынов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ермек Жұматаев та сөйлеп, халық ақынының өмірбаяны мен туындыларына тоқталып өтіп, олар жайлы салиқалы ойларын ортаға салды.
Шара барысында жиналғандардың алдында дәстүрлі ән мен бейнелеу өнері бойынша республикалық конкурстардың лауреаты Әуелбек Ысқақовтың шәкірттері Жамбыл мен Үмбетәлі туралы өлеңдерін оқып, «Мен қазақпын» атты мемлекеттік мега-жобаның лауреаты Баймұхамбет Мұқатаев домбырасымен күмбірлетіп күй тартты. Ал, суретші, әрі ақынның өзі жиналған қауымды салған суреттері мен кітаптарымен және ағаштың бетіне ойылып салынған суреттерімен де таныстырып өтті.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Күлжан Әділханқызы Әуелбек Ысқақовқа аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың атынан сый-сыяпатын табыстады.
Аталған көрме наурыз айының 12-сі мен 15-і аралығында дейін музей төрінде тұрып, ал, 15 наурызда Үмбетәлі ауылындағы музейде жалғасын тапты. Сондай-ақ, мұндай көрме ағымдағы жылы Жаркент қаласындағы Қастеев, Талдықорған қаласындағы Тынышбаев атындағы музейлерінде де өткен.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.