Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы Қарасай ауданында жүйелі түрде жалғасып келеді. Әр аптаның демалыс күндері сенбілік ұйымдастырылса, аптаның төртінші күні «Таза бейсенбі» шарасы да ұмыт қалған емес. Соның дәлелі ретінде Шамалған ауылының аумағында күні кеше өткен экоакцияны айтуға болады. Ал оған Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов қатысып, мемлекеттік қызметшілермен бірге тазалық ісіне атсалысты.
Аталған экошара бейсенбік күні жалпы жұмыс уақыты басталмай тұрып ерте ұйымдастырылды. Таңмен таласа акцияны қолдаушылар Үшқоңыр тауына қарай бет алып, жол бойындағы бірінші бұлақ басына жиналды.
Игі бастаманы ауданның мемлекеттік қызметшілері, аудан жастары, этномәдени орталықтың өкілдері және ауыл ақсақалдары қолдау білдірді. Олардың әрбірі Үшқоңыр тауының етегін күл-қоқыстан тазартып, табиғат аумағына жанашырлық танытты.
Ал аудан әкімінің орынбасары Азамат Серікұлы «Таза Қазақстан» экоакциясының маңыздылығын сөз етіп, аудан тұрғындарын экологиялық мәдениеттілікті қалыптастыруға шақырды.
– Алматы облысының басшысы Марат Елеусізұлының бастамасымен «Таза бейсенбі» шарасы облыстың әр елді мекенінде ұйымдастырылып, абаттандыру, көгалдандыру сияқты игі істер қолға алынуда. Оған біз де атсалысып, Шамалған шатқалында тазалық жұмыстарын жүргізуді жөн көрдік. Бұл, әрине, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаны таза ұстауға үлкен үлес болары анық. Алдағы уақытта мұндай экошаралар әлі де жалғасатын болады. Барлық белсенді жандарға рақметімді айтамын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ Азамат Серікұлы осы шараның соңында акцияға қолдау білдірген жандарға алғысын айтып, өз атынан бірнеше белсенділерді Алғыс хатпен марапаттады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

