Отанымыздың көркін кіргізіп, келбетін ашатын дүниенің бірі – өсімдік әлемі. Тау беткейлеріне сап түзей орналасқан қарағай мен орман алабы тыныстап жүрген ауамызды тазартып, жақсы дүниелерімен толықтырып тұрады. Сол үшін де ұзақ ғұмыр кешетін жасыл шыршаларға қызыға, құмарта қараймыз. Мемлекетіміздің жері қаншама кең болғанымен орманды, бұталы жерлері мүлде аз. Бүгінде 4,2 пайызды құрап отыр. Бұл шамамен 11,5 миллион гектар жер ғана. Сол үшін де қолда бар орман алабын қорғау мен жыл сайын көшеттерімен толықтыру аса маңызды.
Жер жаннаты Жетісудың биік төрі саналатын Аспантаулар өлкесі дегенде жүз жылдық әсем шыршалары, бұрқыраған аршалары, сыңсып жатқан ну ормандары көз алдыңа келе береді. Жоғарыда сөз еткеніміздей, республикамыздағы орман алабы тым-тым аз. Десек те, қолда бар мүмкіндіктер арқылы орман қорын молайта беру аса маңызды. Бұл ретте республикамыздан қолға алынып келе жатқан іс-шаралар аз емес.
Кеген орман шаруашылығы мекемесі – республикамыз бойынша бірден-бір қарағай көшетінің Отаны. «Кеген орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің иелігіндегі жалпы аумақ 84582 гектар жер болса, оның таза орманды алабы 26855 гектар жерді құрайды. Бүгінде мекемеде 5 орманшылық бар. Жалаңаш, Ұзынбұлақ, Темірлік, Қарқара және Екіаша деп аталатын орманшылықтарының атқарып отырған, өздеріне тән істері жетіп-артылады. Жалпы, бір заманда ауданның орталығы да болған, топырағы шұрайлы, жері малға да, жанға да қолайлы өңірдегі Жалаңаш ауылының бір бүйірін Жалаңаш орманшылығына қарасты 54 гектар жерді құрайтын тұрақты тұқымбағының алқабы толтырып, тамаша табиғат әлемін сыйға тартып тұр. Арнайы жол Сізді құшағын әйгілі Шренк шыршалары көрік берген, өзге де көрікті ағаш, өсімдік дүниесімен ажарын шырайландыра түскен ортаға алып келеді. Жалпы, жаз маусымында тұқымбақтағы тірлік толастамайды. Арнайы жасалынған ағаш шарбақтарының астында алаңсыз жайнай, жайқала өсіп тұрған әр жастағы, әр дейгейдегі шырша көшеттерін көрген кезде өзгеше сезім құшағында боласыз. 2,5 гектар жерге өнген жалпы саны 3 миллионды құрайтын балғын шырша көшеттерін таң ағарып атқаннан, күн батқанша күтіп-баптау, арам шөптерінен арылтып отыру, уақтылы суару, торғай секілді суық қолдылардан қорғау – оңай шару емес. Тұқымбақтағы көшеттерді күтіп-баптаумен тұрақты түрде айналысатын жандар бар. Отбасыларымен еңбек етіп жүргендер баршылық. Жұмабек Әнепияев, Майра Құттығаева, Мұхит Исаев, Әлия Оспанбаева, Қуаныш Ысқақов, Жұмахмет Сейдалимов, Күміс Алжанбаева секілді көшет күтушілердің еңбектері зор. Жаз маусымында жұмыс істейтін жандарға ай сайын еңбекақы төленуде. Алғандары да еткен еңбектерін ақтайтынына көңіліміз толды. Жалаңаш орманшылығының жұмыстарына осында орманшы болып жұмыс істейтін Дәурен Досайбековтей білімді, тәжірибелі азамат басшылық жасайды. Мұнда орман тұқымбағының шеберлері Манас Төреханов пен Аслан Сабырбеков пен орман тұқымбағының озат орман күтушісі Әбдуали Қасеновтың еңбектері ерен.
Орманшылардың жыл сайын атқаратын ісі десек, артық айтпаймыз, биылғы жылы да тау беткейлерінен 17 гектар жерге 68 мың түп жас көшеттер отырығызылған. Әрине, оның дені Шренк шыршасы мен қарағай (Сосна) көшеті болып табылады. Барлығы 170 гектарды алып жатқан жас көшеттер күтіп-бапталуда. Оның сыртында орман алқаптарын толықтыру үшін де жұмыстар жасалып келеді. Жалпы, 11 гектарға барлығы 30 мың түп Шренк шыршасы, 2200 түп қарағай (Сосна), 200 түп алма және 200 түп басқа да ағаштардың көшеттері отырғызылыпты.
Жалаңаш орманшылығына қарасты тұрақты тұқымбақта елдің сұранысына сай түрлі ағаштар, жеміс ағаштары да өсіріледі. Алманың және көгілдір шыршаның әлемін көргенде көңіліңіз көтеріліп сала береді. Жыл бойы өңін бермейтін, әдемі иісін аңқытып тұратын аршаның да көшеттері бар. Дәл осының жанындағыдай арнайы қоршалынған 0,5 гектар жерге 1500 түп алма өсіріліпті. Жап-жақсы деңгейге келіп қалған. Бұл да өңірдің көркі, елдің игілігі болып қала бермек.
– 4 жыл тұрақты және уақытша тұқымбақтарда өсірілген шырша көшеттері одан соң қазылып алынып, орман қорларын көбейту мақсатында жұмсалады. Биылғы жылы Темірлік орманшылығындағы уақытша питомниктен Шренк шыршасының 4 жылдық екпе көшетінен 200 мың түп, дәл осы Жалаңаш орманшылығының тұрақты питомнигінен 147 мың түп барлығы 347 мың түп қазылып алынып, орман қорын көбейтуге жұмсалды, – дейді «Кеген орман шараушылығы» мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев.
Биылғы жылы да облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Нарынқол, Шелек, Үйгентас, Алакөл, Жоңғар, Ұйғыр және Талдықорған орман шаруашылығы мекемелеріне шырша көшеттері жіберілген. «Кеген орман шаруашылығы» мекемесі жыл сайын көктем маусымында республикамызға, облыс пен ауданға сұраныс бойынша Шренк шыршасын, қарағай және тал-терек, алма, арша ағаштарының көшеттерін босатып отырады. Бір ғана дерек, биылғы жылы түрлі мекемелерге 574 түп Шренк шыршасы мен 151 түп қарағай көшеті босатылған. Өздеріндегі орман күтушілері отыратын қызметтік үйлердің ауласына 387 түп Шренк шыршасы, 168 түп қарағай отырғызылған. «Кеген орман шаруашылығы» мекемесі бойынша жылма-жыл 17 гектар жерге шырша көшеті отырғызылып тұрады. Осы арқылы қарағай, орман алқабының қоры көлемін өсіре, керегесін кеңейте түседі. Бұл айтуға ғана оңай шаруа. Қалай десең де орманымызды молайтуға, ұрпақтар келешегін қамдастыруға негізделіп жатқан игіліктердің көзі. Ең бастысы, Жетісу өлкесін, оның сыртында республикамызды жүз жылдық жасыл шырша көшетімен қамтамасыз етіп келе жатқан Айдос Солтанғазиев бастаған «Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің орманшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Реті келгенде, орман саласына айтулы үлестерін қосып келе жатқан Н.Дәуітханов, А.Қасенов, Н.Абузов, А.Желдікбев, Д.Кекілов, Н.Байұзақов, С.Қасымбеков, Н.Дүйсенбиев секілді орманшы азаматтардың қолдары қуатты бола берсін!
Биылғы жылдың өзінде «Кеген орман шаруашылығы» мекемесі бойынша орманды шірінді ағаштар мен бұтақтардан тазарту мақсатында 1561 текше метр отындық ағаштар босатылған. Күтім үшін кесуден 51 текше метр, басқа да мақсатты кесуден 81 текше метр ағаш дайындалыпты.
Бұл – Тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасының артып, жағдайының жақсарып келе жатқанының бір жарқын дәлелі. Осы ретте киген киімдері, ұстаған құрал-саймандары бойларына жарасқан, қысы-жазы өлкеміздегі өсімдік әлемінің қамымен жүретін орманшыларға айтар алғысымыз бөлек.Табиғат жанашырларының жұмысына толағай табыс тіледік!
Суретте: Кеген орман шараушылығы мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев қызметкерлерімен бірге.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.