Ауданда Мәдениет күні тойланды
Алматы облысына қарасты қала мен аудандарда мәдениет күндері тойланып, «Ауылым – алтын бесігім» атты байқау басталды. Оған Алматы облысының әкімдігі қолдау білдіріп, ұлттық құндылық ұлықталатын бастаманың лайықты деңгейде өтуіне Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйытқы болып отыр.
Мәдениет күндерін атап өту шарасы қасиетті Қарасай жерінде бастау алды. Аптаның екінші күні аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Қонысы Қарасайдың – құтты мекен» деп аталатын мәдени шара өтті.
Облыс көлемінде өтетін игілікті бастаманың аясында қала мен аудандардың өзіне тән мәдениетін өркендету, қала мен ауыл арасындағы рухани-білімділік, мәдени байланысты нығайту қолға алынған. Мәдениет күндерінің шарықтау шегі әр аудан, қала көлемінде дарынды жеке тұлғалардың есімдерін, өнерін, жетістіктерін анықтау, танымал тұлғаларды дәріптеу болып табылады.
Қарасай жерінде өткен мәдени шараға Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев және байқаудың қазылар алқасы арнайы қонақ болып қатысты. Облыстан келген қадірлі меймандарды қарасайлық өнерпаздар аудандық Мәдениет үйінің алдында ән-жырдан шашу шашып, ауылдың алты ауызын әндетіп, құрметпен қарсы алды. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, аудандық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова сынды басшылықтың өкілдері қонақтарға ілтипат көрсетіп, Мәдениет үйінің залына жол көрсетті. Облыстың адамдары алдымен кітапханашылардың көрмесін тамашалап, ауданның тарихынан, танымал тұлғаларынан хабардар болды. Сонымен қатар, қолөнершілердің, суретшілердің, кестешілердің еңбектеріне тамсана таңданып, ұлттық нақыштағы туындыларына жоғары баға берді.
Бұл шарада ұлттық және спорттық ойындар да ұмыт қалмады. Жас балуандар боз кілемде белдесіп, күрестің айла-тәсілін көрсетсе, бойжеткендер бестас ойнап, боз балалар асық атты.
Музей экспонаттары да тарихтан сыр шертті. Анығын айтқанда, аудандағы бірқатар мұражайдың экскурсия жетекшілері өз орталықтарындағы жәдігерлердің құндылықтарын жеткізді. Ал «Анаға құрмет» музейінің директоры Аршагүл Тойбай ақ кимешектің қасиетін айтып, оның орнын ешбір діннің киімі баса алмайтынын анық айтты.
Ұмыт болған ұлттық тағамдарды ақжаулықты әжелеріміз қонақтарға арнайы таныстырды. Балқымыздан бастап, әсіп, қарынбүрме сияқты тамақтардың түр-түрінен дәм татқызды. Мұндай ұлттық дәстүр ұлықталған жерде әдет-ғұрып та жаңғырды. Ауыл адамдары қонақтарды киіз үйде құда-құдағи ретінде қарсы алып, келіннің туысына төркіндеп келу салтынан көрініс қойды. Одан бөлек төл өнерді серік еткен жас ақындар қыз бен жігіттің айтысын ұсынса, Мәдениет үйінің фойесінде «Үшқоңыр» ұлт-аспаптар оркестірі жанды дауысты ән шырқады.
Іс-шараның әсерлі сәті Мәдениет үйінің залында жалғасты. Алдымен «Қарасай жастары» театры Нағашыбек Қапалбекұлының «Қарасай батыр» тарихи драмасын сахналап, концерттік бағдарламаның шымылдығын ашты. Одан кейін Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев қарасайлықтарды Мәдениет күнімен құттықтап, аудан тарихын, жетістігін дәріптеген өнерлі жандардың еңбегін жоғары бағалады.
Бағдарлама барысында бишілер әр ұлттың биін билесе, ауылдық округтің қарияларынан құралған ансамбль мен аудан өнерпаздары әуезді әндерін шырқады. Сонымен қатар, сахна төрінде ел мақтанышы, «Славян базары–2023» халықаралық балалар байқауының гран-при иегері Шерхан Арыстан да өнер көрсетті. Жас өнерпаз Молдабайдың әнін орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Мәдени кештің соңы «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен басқа да аудан өнерпаздарының орындауындағы «Қарасай елім» атты әнімен түйінделді.
Кеш барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысын әңгімеге тартып, өңірде өтіп жатқан мәдениет күндерінің маңыздылығы жайлы сұрауды жөн санадық.
– Қарасай ауданында басталып жатқан мұндай мәдениет күндері облыстағы қала мен аудандардың барлығында өтеді. Басты мақсат – қазақтың қанына сіңген салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әдебиеті, мәдениеті болып табылатын ұлттық кодымызды жаңғырту, оны жастардың бойына сіңіру. Осы бағытта арнайы байқау ұйымдастырылып, әр саланың өкілдерінен комиссия құрылды. Әр ауданда өтетін мұндай бастама бір аптаға жалғасып, қорытынды шара Қонаев қаласында өтеді, – деп түсіндірді басқарма басшысы Данияр Абзалиденұлы.
Айта кетейік, мәдениет күндері аясында өтетін байқаудың іріктеу кезеңі 3-12 қазан аралығында өтеді. Бірінші болып Қарасай ауданында басталса, 5 қазан күні Райымбек пен Кеген аудандарында жалғасады. Ал 6 қазан – Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, 10 қазан – Талғар, Іле, 11 қазан – Балқаш, 12 қазан – Жамбыл аудандарында ұйымдастырылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.