Біз сөз еткел отырған бүгінгі кейіпкеріміз – он саусағы өнеріне толы ісмер, іскер Меруерт Нұрғазиева. Кеген ауданының орталығындағы «Сарытау» кафесінің 2-қабатынан тамаша тігін цехын ашыпты. Үстіміздегі жылдың басынан бері қарай жаңа ашылған тігін цехы ел игілігіне айналған. Халыққа қызмет көрсетуде. Ел сұранысын өтеуде. Ерлер мен әйелдердің түрлі үлгідегі киімдерін тігеді. Ұлттық киімдердің түрлі үлгісін тігіп ұсынады. Кешкілік, мерекелік және мектеп бітірушілердің тамаша киімдерін әзірлейді. Кең киімдерді дене бітіміне қарай ықшамдау да қолдарынан келеді. Үйлер мен ғимараттардың есік,терезе перделеріне де сұраныс қабылдайды.
Осындай тамаша ісмерлік іске дем беріп, арна салып жүрген Меруерттей қыз туралы мөлтек сыр. Шырғанақ ауылдық өңіріне қарасты Кіші Қарқара ауылының қарлығашы. Сондағы Бескөл орта мектебінің түлегі. «Шеше көрген тон пішер» деген емес пе, кішкентай кезінен он саусағы өнеріне толы ісмер Бибігүл Ахметовадай анасынан көп нәрсені көрген, көп дүниені үйренген, қолөнер жағынан тамаша тағылым алған қыз Алматы мемлекеттік техникалық және сервис колледжінің киімді үлгілеу және құрастыру бөлімін грантпен бітірген. Одан соң білімін жалғастырып Алматы технологиялық университетін «киім дизайнері» мамандығы бойынша өткен жылы бітіріп шыққан екен. Алған мамандығы бойынша ата-анасының қасында тігін цехын ашуды жөн көрген қыздың талабы мен талпынысы құптарлық, қуанарлық. Шалғайдағы ауылда дәл осындай оңайлықпен таптыра бермес маман иесінің жүруі жаңалық сынды жайдары көрініс.Сондай маман иесінің мүмкіндігі мол тігін цехын ашуы да жарасым тауып тұр.
Ең бастысы, ел қажетіне жарап отырған жайымыз бар. Қолымыздан шыққан дүниелерге сұраныс берушілер қатары көбейіп келеді. Жұмысымыз көбейіп, көңіліміз де көтеріліп, қолымыз да жүріп жатыр. Қажетті материалдардың, маталардың бәрін өзім іздеп, тауып әкелемін. Алған несие қаржымызды да уақтысында қайтаруға мүмкіндігіміз бар, – дейді Меруерт қыз.
Қазір Меруерт ашқан тігін цехында анасы Бибігүл Ахметова, одан бөлек Ләззат Мұқанова еңбек етуде. Ісмер жандардың қолдарынан шыққан құрақ көрпелердің де түр-түрі қызықтырмай қоймайды. Оюлы күйеу қоржындардың да үлгілері баршылық. Қолы шебер, ойы жүйрік, көңілі тұнық, келбет-көркі қыр гүліндей Меруерттің бастаған ісіне жеміс тіледік.Осындай игілікті іспен айналысқан, ел қажетіне жараған ісмер қыздардан айналайық!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.