Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен мемлекеттік органдардың нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін жаңа технологияларды қолдануының маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта мемлекеттік қызметтерді көрсетуді электрондық нысанға аудару және мемлекетті цифрландыру айрықша орынға ие. Аталған бағыттар бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментімен көптеген шаралар жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен байланысты мәселелер көкейтесті болып табылады. Аталмыш мәселелерді шешу бір мезетте бірнеше белесттерді еңсеруге мүмкіндік береді. Олардың арасында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету барысындағы ашықтық пен қызметтерді көрсету үрдісін оңтайландырумен қатар жемқорлық мәселесі де бар. Осыған байланысты, бүгінгі күні мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласы айрықша орынға ие болып отыр.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамытуда негізгі үш бағытты бөліп көрсетуге болады:
1. Мемлекеттік қызметтерді алу үрдісін оңтайландыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі ашықтық;
2. Мемлекеттік қызметтерде цифрлық технологияларды қолдану, қызметтерді ұсыну мен алу барысын автоматтандыру;
3. Азаматтардың сана-сезімін жаңғырту.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету өзінің даму барысында бірнеше сатылардан өтеді. Ең бастысы мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін жайлы жағдайларды ұйымдастыру.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында Қазақстанда тұңғыш болып табылатын «Сервистік әкімдік» жобасы ғимаратының ашылуы өтті. «Сервистік әкімдік» жобасының қағидалары мемлекеттік қызметтерді көрсететін мекемелердің яғни білім, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, еңбек және әлеуметтік қорғау және т.б. бөлімдерді бір ғимаратта орналастыруға негізделеді. Әрине, Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) бар кезде, тағы қызмет көрсету орталықтарын ашудың қажеті қандай деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұрақ та орынды. Дегенмен, мемлекеттік қызметтерді көрсету саласы өз алдында тұрған мәселелерді шешіп, дамудың жоғары сатысына жеткен жоқ. Көптеген мемлекеттік қызметтерді алу үшін жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) ғимараттарына бару маңыздылығын әлі де жоғалтпады. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін ЖАО ғимараттарында жайлы жағдайларды ұйымдастыру кажет болып отыр.«Сервистік әкімдік» жобасы осы мәселені шешуге бағытталған. Себебі, аталған ғимаратта мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін барлық жағдайлар жасалған күту залында ыңғайлы орындықтар, кондиционер, суға арналған диспенсер мен ақпараттық теледидар, өзін-өзі қызмет көрсетуге арналған бұрыш ұйымдастырылған. Аталған бұрышта үстел, орындық және интернетке қосылған дербес компьютер қойылған. Атап көрсетілгендей мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін қажетті барлық жабдықтармен «Сервистік әкімдік» жобасының ғимараты толығымен қамтылған.
Қазіргі таңда, облысымызда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 66,2% электрондық нысанда ұсынылады. Бұл үрдіс болашақта өзінің оң жалғасын таппақ. Осыған байланысты мемекеттік қызметтерді көрсетуде цифрлық, инновациялық технологияларды қолдана қызметтерді ұсынуды толығымен электрондық нысанға аудару заман талабына айналды.
Дегенмен, халық мемлекеттік қызметтерді толығымен электрондық нысанда алуға дайын емес. Бұл мәселені шешу үшін Департаментпен көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Аталмыш бағытта Департамент негізгі екпінді жастарды жұмысқа араластырады. Алматы облысының Жастарға қызмет көрсету орталығында жоғары оқу орындардың, колледждер мен лицейлердің 240 студенті e.gov электронды үкіметтің веб-порталын қолдану бойынша оқытудан өтті. Нәтижесінде 2018 жылдың ақпан, наурыз айларында Департамент жастармен бірігіп Талдықорған қаласының халық көп жиналатын орындарында насихаттау шараларын өткізген болатын.
Сонымен қатар, сәуір және қыркүйек айларында Департаменттің бастамасымен Талдықорған қаласының Арбатында «Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі» өткізілді. Жәрмеңкеге мемлекеттік қызметтерді көрсететін барлық жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Шараның басты мақсаты электрондық нысандағы мемлекеттік қызметтерді насихаттау және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру болып табылады.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруда адамдарың алатын орны маңызды. Азаматтар мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға белсенді араласуы қажет. Бұл мақсатта халықтың менталитетін өзгерту, сана-сезімін жаңарту көкейкесті мәселе болып отыр. Қазақстандықтардың сана-сезімін жаңғыртуға, әлемнің дамыған елдерімен интеграциялануға және мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған латын әліпбиіне көшуді қолдау мақсатына орай, жоғарыда аталған «Сервистік әкімдік» ғимаратындағы мемлекеттік тілдегі барлық жазулар латын графикасымен жазылған.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанға аударуда, мемлекеттік қызметтер саласын дамытуда Департамент негізгі жұмысты жастармен бірлесіп жүзеге асырады. Себебі, елдің болашағы тікелей жастармен байланысты.
Б. СЕИТОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының бас маманы.