Өткен аптаның сәрсенбісінде, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Тарихи-мәдени мұра» жобасы аясында, айтулы іс-шара ұйымдастырылды. Аудан орталығы – Қаскелең қаласының мектептерінен жетім және жартылай жетім оқушылар мен көпбалалы отбасынан шыққан балаларды көршілес Жамбыл ауданынында орналасқан Жамбыл атындағы әдеби-мемориалды музейге апарып, рухани саяхат жасап қайттық.
Шараның негізгі мақсаты – балаларды Жамбыл Жабаевтың құнды жәдігерлері сақталған музеймен таныстыра отырып, ақынның шығармашылығы туралы түсінік беру арқылы ата-бабаларын, ұлттық өнер мен салт-дәстүрімізді құрмет тұтуға тәрбиелеу болып табылады.
Сөздері ұранға айналып, халық поэзиясының атасы атанған, еліне қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл бабамыздың өмірі мен шығармашылығы туралы музей қызметкерлері кеңінен баяндап берді. Ал, оқушылар жыр алыбынан қалған естеліктерді көзбен көріп, біраз тың деректерге қанық болды.
Жамбыл Жабаев – ұлы Сүйінбайдың шәкірті екені көпке белгілі. Ендеше, келешек ұрпақ рухани жаңғыру жолында көнелерден қалған құндылықтарды танып өссе, болашағы жарқын болар деп сенеміз.
Рыскүл АБДИКАИМОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
экскурсия жүргізушісі.