Еріктілер жылының аясында ауданымыз бойынша игі істердің реті қолға алынып, жастардың белсенділігімен бірқатар бастамалар өз деңгейінде басталып кетті. Бұрын мәлім болғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен Волонтер жылының аясында еріктілердің атқаратын жұмысына байланысты жеті бағытты қамтитын іс-шаралардың жоспары бекітілген болатын. Атап айтқанда, балалар үйлерінде тәрбиеленушілерді қамқорлыққа алу, науқастарды қарауға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, қарттар үйлерінде жұмыс атқару, ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушыларына көмектесу, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай игі істерді жүзеге асыру.
Жоғары аталған байыпты бастамалардың бірін өткен аптада ерікті қарасайлықтардың бір тобы татулық пен бірлікті мақсат етіп, Шамалған ауылындағы «Úshqońyr» спорт кешенінде атқарды. Өз тарапынан аталмыш орталықтың директоры Дәурен Төлеген де қолғабыстық ниетін танытып, іске деген белсенділігін көрсетті.
Аудан жастары осылайша спорттық нысанның айналасын қардан тазалап өз істерін көпке үлгі етті деуге болады. Ал, жұмыла кіріскен жұмыстың жүзеге асуына ұйытқы болған аудандық Жастар ресурстық орталығының ұжымы Волонтер жылының аясында мұндай іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасатынын жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.