Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған қайғылы кезеңдерінің бірі.
Он жылға жуық уақытқа созылған бұл сұрапыл соғыста Қазақстаннан 22269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарған болатын. Олардың 924-і ерлікпен қаза болса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды.
Көптеген қазақ отбасына қасірет әкелген Ауғанстандағы соғыс біз үшін осылай аяқталған болатын.
Биыл КСРО әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Бүгінде республика бойынша Ауған соғысы ардагерлерінің 30-дан астам ұйымы бар.
Соның бірі біздің ауданда 2009 жылдың 8-ші мамырында құрылған, қазір оның құрамында 253 адам бар.
Бұл сұм соғысқа біздің ауданнан 373 адам қатысып, оның ішінен 14 азамат туған еліне қайта оралмай, қарулы шайқастың құрбаны болған…
Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған ауған соғысы Кеңес Одағына әскери шығыннан басқа ешқандай пайда алып келмегені баршамызға белгілі. Алайда, әрбір істен сабақ алуды мақсат еткен аталмыш ұйымның ардагерлері жастармен жиі кездесу өткізіп, патриоттық тәрбие беріп, әскери тәртіпке де үйретуде.
Бүгінде ауданымыздың ауған соғысы ардагерлері ұйымына бірнеше жауынгерлік орден, медальдің иегері Сәбит Пішембаев төрағалық етуде. Сәбит Қайроллаұлы басқарған ұйым бүгінде аудандық, облыстық, сонымен қатар, республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болған.
Құрамындағы ардагерлердің еңбегі еленіп, олардың бірі, атап айтқанда, Арыстан Бисенғалиға былтыр «Құрмет» ордені табысталған.
Ауған соғысында интернационалдық міндетін адал атқарып, ерлік көрсеткен сарбаздарға аудан студенттері мен оқушылары ерекше құрмет көрсетеді. Олармен кездесу барысында интернационалист-жауынгерлер өз көздерімен көрген сол бір ұмытылмас кезеңнен сыр шертіп, соғыстың тарихы туралы да әңгіме өрбітеді.
Біз – жастар сұм соғыстың жауынгерлері атанған, ерлігі үлгіге айналған ардагерлерімізге қашанда құрмет көрсету парызымыз деп білеміз.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.