Құмар ойын аппараттарын өз иелігіне қойдыратын жеке кәсіпкерлер ең бірінші кезекте оның нөмірінің қасында тұрған QR-кодқа мән берулері керек. Ол арқылы аппараттың заңды немесе заңсыз екенін білуге болады. Осы және де өзге алаяқтықтың жоспары жайлы Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері ақпарат беріп өтті.
Жоғарыда аталған мәселе бойынша сейсенбі күні ауданымызға облыстан мамандар келіп, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің, мемлекеттік кірістер басқармасының және аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шарада алдымен Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Татьяна Джанжигитова бұл жиынның өткізудегі негізгі мақсатын айтып, аталған мәселелер бойынша заңда қарастырылған баптар жайлы толығырақ ақпарат жеткізді.
Мұнан кейін департаменттің жедел уәкілі Жалғас Ермекұлы еліміздегі қаржы пирамидалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда млн-ға жуық адамдар алаяқтардың тұзағына түсіп, қаржыларынан айырылып қалған. Әсіресе, соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде адамдарды ақшаға алдаудың түрлері көбейіп кеткен. Мәселен, қазір инстаграм парақшаларында «500-2000 мың теңге ақша салсаңыздар ыдыс немесе өзге бағалы сыйлықтарды ұтып аласыздар» немесе «құны 50-100 теңге тұратын лотереялық билеттер сатып алып, ойнатсаңыздар кішігірім сыйлықтан бастап, көлік ұтып алуыңызға мүмкіндігіңіз бар» деп ұрандайтын алаятық топтар жетіп артылады. Осы ретте департамент өкілі мұндай ойындарға қатысқан адамдардың ішінде бір-екеуі ғана сыйлық алып, қалғандарынын ақшасы өзгенің қалтасына кететіндігін түсіндірді. Егер осындай жағдай орын алса бірден Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің сенім телефонына (8 727 79-20-86) немесе құқық қорғау органдарына хабарласу керектігін жеткізді. Бұған қоса Жалғас Ермекұлы әртүрлі қылмыстық пирамидаларды жарнамалайтын блогерлерге байланысты Парламентке заң жобасы ұсыныс ретінде жіберілгендігін, алдағы уақытта оларға да қылмыстық жаза қолданылатындығын мәлімдеді.
Ал жедел уәкіл Бақытжан Бауыржан-ұлының мәлімдеуінше, бүгінде құмар ойындарына арналған аппараттар еліміз бойынша әлі де жұмыс істеп тұрғанымен, оларды заңсыз орнататын кәсіпкерлердің қатары азаймаған. Осыған байланысты ол жиынға қатысып отырған кәсіпкерлермен жұмыс жасайтын мамандарға кімде кім ойын аппараттарын заңсыз қойғызуға рұқсат берсе, оның иесімен бірге қылмыстық жазаға тартылатындығын айтып, бұл ақпаратты кәсіпкерлерге жеткізуді сұрады. Аталмыш аппараттың заңды екенін, оның нөмірінің қасында арнайы қойылған QR-код арқылы білуге болатындығын түсіндіріп, заң бұзушылықтар табылса, бірден департаментке хабар беруді өтінді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.