Оқушылардың білім жолындағы жан-жақтылығын дамыту, сапалы сауаттылықты арттыру, шығармашылық және интеллектуалды ой-қиялдарын жетілдіруді мақсат еткен Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясы биыл да дәстүрлі «Дарынды мен талантты оқушылардың XVІ слетін» өткізуді ұмыт қалдырған жоқ.
Өткен аптаның сенбісіне жоспарланған байқау негізде өткен іс-шараға ауданға қарасты бірқатар мектептерден 540 білімгер қатысып, ғылыми-зерттеу жоба, пікірталас алаңы, шешендік өнер, театр алаңы сияқты секциялар бойынша бақтарын сынады. Ал, осы аталған бағыттар бойынша оқушылардың талантты да дарынды қарым-қабілеттерін слетке арнайы шақырылған жоғарғы оқу орындарының оқытушылары бағалағанын айта кеткен жөн. Олардың қатарында Абай атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Т.Жүргенов атындағы театр және өнер академиясы, Сулеймен Демирел мен Алматы менеджмент университеттері сынды елімізге белгілі білім ордаларының мамандары және «Дара бала» журналының редакторы Гүлден Қарашаш та болды.
Іс-шарада алдымен аталмыш мектеп-гимназиясының акт залында ЖОО оқытушыларының қатысуымен шеберлік-сыныптар өткізіліп, талқыланған тақырыпқа сай педагогтар пікір алмасты. Білікті мамандардың айтқан ойынан кейін аталмыш білім ошағының директоры Сәуле Махамбетова сөз сөйлеп, барлық қатысушылар мен бағалаушыларға сәттілік тіледі.
Мамандардың басқосуы аяқталған соң бір уақытта мектеп ішінде түрлі бағыт бойынша оқушылардың білім деңгейлері мен өнерлері сыналды. Оның әрбіріне ЖОО оқытушылары сарапшы ретінде қатысып, оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары мен әртістік қабілеттеріне қатысты кеңестерін беріп отырды. Сонымен қатар, осы слет барысында арнайы көрме де ұйымдастырылып, оған аудан мектептерінің атынан оқушылардың түрлі қолөнерлік туындылары да қойылған болатын. Еңбек жұмыстарын сәндік өнерден хабары мол танымал мамандар бағалап, әрбірімен жақын танысып, шығу тарихына да назар аударды.
Білімгерлердің театралды байқаулары да көрерменді ерекше күйге бөледі. Қазылық еткендердің қатарында белгілі әзілкеш, театр актері Отаралы Көлжан да болып, болашақ әртістердің таланттарына баға берді. Сахналық қойылым барысында қоғамда орын алып жатқан өзекті тақырыптар да қозғалып, шешімі бар мәселелерге қатысты ойлар да көрініс тапты.
Осылайша, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясының дәстүрлі түрде ұйымдастырған «Дарынды мен талантты оқушылардың XVІ слеті» ойдағыдай өтіп, оқушылардың зерделі ойға негізделген дарындылық қасиеттері тағы бір ұшталды деуге болады. Іс-шараның соңында жүлделі білімгерлерге аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Біләловтың және осы мектеп-гимназиясының директоры С.Махамбетованың аттарынан мақтау грамоталары табысталды.
«Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» дегендей, зерделі оқушылар үшін танымдық түсініктерін арттыратын, шығармашылық ой-қиялдарына қанат бітіретін осындай «Дарынды мен талантты оқушылар слеті» сияқты бастамалар көп болса, жас ұрпақтың оқу-білім жолына жарқын жол ашылады деп білеміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.