Дін мен оған қатысты кейбір түсініктер көпшіліктің ойында түрлі пайыммен сақталуына бірден-бір себеп, ол – діни білімнің аздығы. Жүгенсіз кеткен интернеттегі алуан ақпараттардың өзі де талай жанды адасушылыққа әкеліп соқтыруда. Соның салдарынан біраз азаматтар ислам дініне дұшпандық танытып, түрлі ағымның жетегіне еріп, шекара асуға дейін барып жатыр. Міне, осындай кереғар ұғымдар қалыптаспауы үшін ауданымызда түрлі профилактикалық түсіндіру жұмыстары атқарылып келеді. Солардың бірі осы аптаның сейсенбісінде аудандық орталық кітапханада өткізілгенін айта кеткен жөн. Нақты айтқанда, аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйытқы болуымен, пробация қызметінің тізімінде тұрған азаматтар мен дінтанушы мамандар арасында кездесу ұйымдастырылды.
Жиынды модератор ретінде ауданның теолог маманы Мағжан Құрман жүргізіп, алдымен бүгінгі іс-шараның негізгі мақсатын түсіндіріп өтті. Содан кейін Алматы өңірі бойынша оңалту орталығының инспектор теологы Елдос Аққожа мен белгілі дінтанушы Тимур Нүсіпханұлы азаматтармен еркін пікір алмасып, ашық әңгіме барысында талай ақпараттарды ортаға салды.
Өз кезегінде теолог Тимур мырза ұлы Абайдың өнегелі өмірін мысалға ала отырып, қазіргі қоғамдағы діннің ахуалына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, «салафизм» ұғымына да көп мән беріп, оның осы күнге дейін саяси мәселе екендігін түсіндірді. Теолог маманның айтуынша, қазіргі кезде сапалы білімге арқа сүйеп, санамызды жақсы жағынан жаңғырта аламыз. Ал, діни тұрғыдағы сауаттылықтың таяздығы теріс жолға әкелуі әбден мүмкін. Осылайша, Тимур Нүсіпханұлы талай пайымды пікірлерін ортаға салып, азаматтардың түрлі сұрақтарына жеке-жеке жауап берді. Сондай-ақ, дінтанушы маман әңгіме барысында жақында Түркия елінің басшысы Реджеп Эрдоғанмен болған кездесуін тілге тиек етіп, оның қазақстандықтарға жолдаған деген сәлемін жеткізді. Ал, жиын соңында Қарасай аудандық пробация қызметі бөлімінің қызметкері, әділет майоры, психолог Сәбира Мыңбаева келген теолог мамандарға алғысын айтып, осы кездесудің маңызы зор екенін түсіндірді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.