Көшеге қоқыс тастап, белгіленбеген орындарда заңсыз сауда жасау, қоғамдық орындардағы заттарды сындыру секілді әкімшілік құқық бұзушылықтармен күрес шаралары жаңа кезеңге өтті. Енді жергілікті әкімдік қызметкерлері тәртіп бұзушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту үшін полиция күштеріне иек артпай-ақ, дербес әрекет ете алады. Осы мақсатта «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әкімдік мамандары арнайы бағдарламаға негізделген заманауи планшеттермен жабдықталды.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданындағы барлық ауылдық округтердің мамандары осындай электронды құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Олар күнделікті рейдтік тексерістер жүргізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды анықтауда. Алғашқы кезеңде тәртіп бұзушыларға ресми түрде ескерту жасалса, заң талаптарына құлақ аспай, құқық бұзушылықты екінші рет қайталағандарға бірден әкімшілік айыппұл салынады.
Таяуда осындай тиімділігі жоғары рейдтік шаралардың бірі ауданға қарасты Жамбыл ауылдық округінде ұйымдастырылды. Тексеріс барысында автожол бойында және жаяу жүргіншілер жолында заңсыз саудамен айналысып, антисанитариялық жағдай туғызған кәсіп иелері анықталды. Әкімдік мамандары оларға қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, заңсыз әрекеттердің салдары туралы айтты.
Сонымен қатар тәртіп бұзушылардың жеке деректері планшет арқылы бірден бірыңғай электронды базаға тіркелді. Мамандар бұл базаға енгізілген тұлғалар 10 күн ішінде заңсыз әрекеттерін тоқтатпай, құқық бұзушылыққа қайта баратын болса, жүйе арқылы автоматты түрде айыппұл кесілетінін қатаң ескертті.
Мамандардың мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тәртіп бұзғандарға салынатын әкімшілік айыппұл көлемі де айтарлықтай қомақты: жеке тұлғалар үшін – 5 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК), жеке кәсіпкерлер үшін – 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) басталады.
Егер ереже бұзу жағдайы бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері заң шеңберінде еселеніп өсе түседі.
– Осындай планшеттердің бізге берілгені, тиісті өкілеттіктің берілген жұмысын айтарлықтай жеделдетті әрі жеңілдетті. Өйткені осыған дейін қандай да бір тәртіп бұзушылықты көрсек, міндетті түрде учаскелік полиция қызметкерін шақыртып, хаттаманы сол кісілердің қатысуымен толтыруға мәжбүр болатынбыз. Бұл біраз уақытты алып, шұғыл әрекет етуге кедергі келтіретін.
Ал қазір планшеттің көмегімен құқық бұзушыны бірден базаға енгізіп, қажет жағдайда айыппұлды сол жерде рәсімдей аламыз. Планшет алғалы біз 13 ескерту жасап, 5 адамға айыппұл салдық.
Жалпы бұл цифрлық өзгеріс күнделікті қызметіміздің тиімділігін арттырды, – деді Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлібек Сайлыбаев.
Аудан көлемінде қарқын алған бұл жаңашыл бастама көшелердің тазалығын сақтауға, заңсыз сауданың жолын кесуге және тұрғындар арасында жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға зор септігін тигізбек.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

