Жақында Қарасай аудандық автобус паркінің қоғамдық көлік жүргізушілері жалақымызды қысқартып жатыр деп наразылықтарын білдіріп, жұмысқа шығуға бас тартқан болатын.
Келесі күні аталған мәселенің шешімін табу үшін аудандық әкімдік өкілдері, автобус паркінің басшылығы қоғамдық көліктің жүргізушілерімен кездесіп, келісімге келді.
Қарасай аудандық автобус паркі «ЖКТ» АҚ-ның басшысы Ерлан Кошербаевтың айтуынша, желідегі 23 автобустың саны 17-ге қысқарған. Сондықтан көптеген қызметкер өздерін жұмыстан шығарып тастайды, ал жұмыс істеу көлемі артады деп түсінген. Алайда автопарк басшылығы мұның барлығы шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Желідегі автобустардың саны қысқарғанымен, қоғамдық көлік жүргізушілерінің барлығы өз орнында қалады. Сонымен қатар, олардың жұмыс көлемі көбеймейді, керісінше азаятынын айтты. Жалақы бойынша қызметкерлермен тағы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Бұрым ОРЫНБАСАР.