Алып шаһар Алматымен болашағын байланыстырып, қызығушылық танытып, құтты қоныс іздейтін адамдар оның маңайындағы өңірлерден жерұйық табуға тырысады. Бұл ретте тау етегінде орналасқан Қарасай жерін айтпасқа тағы болмас.
Соңғы жылдары, расымен, біздің ауданның халық саны өсіп жатқаны анық байқалады. Бүгінде шамамен 400 мыңға жуық адам тұратын Қарасайдың экономикасы да артып келеді. Өңірдегі мұндай өрелі өзгерістер қоғамдық көлікке деген сұраныс деңгейін одан сайын көтереді. Оның нәтижесін көріп те жатырмыз.
Соңғы екі жылда аудан орталығы Қаскелеңнің ішінде, сондай-ақ осы қала мен басқа елді мекен арасын Алматымен жалғайтын маршруттардың ашылып жатқаны белгілі. Оған жергілікті тұрғындар қуануда.
Осындай оңды өзгерістердің басында, әрине қоғамдық көліктің қызметін ұсынатын ауданымыздағы жалғыз автобус паркі тұратыны айтпасақ та түсінікті шығар. Атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын жалпақ жұртқа жеткізу үшін жақында «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің басшысы Дәулет Жандыбаевпен дидарласып, мекеменің тарихы мен бүгінгі атқарып жатқан шаруалары жайлы әңгімелескен едік.
– Дәулет Тұрсынқазыұлы, алғашқы сұрағымды өзіңіз басқарып отырған «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің тарихымен байланыстырсам деп едім. Бұл мекеме қашан құрылды? Өзіңізге дейін кімдер басқарды?
– Қаскелең автобус паркі жалпы мекеме ретінде 1967 жылы іргетасы қаланған. Міне, сол уақыттан бері бүгінгі күнге дейін халыққа қызмет етіп келеді. Біздің мұрағатта 1990 жылға дейінгі деректер сақталмаған. Естуімше, 90 жылдардан кейін 3-4 жылдың аралығында белгілі бір себептерге байланысты жұмысы тоқтаған екен. Сол кездері ғимарат сауда-саттық орнына айналған. Бірақ кейінгі уақытта қызмет етуі жолға қойылыпты. Ал оның жандануына, халық үшін жұмыс істеуіне, тұрақты түрде дамуына бірден-бір себепкер болған азамат – ауданға белгілі мецанат, былтыр өмірден өткен Болат Назарбаев. Ол кісінің еңбегі ерекше деп айтуға болады. Өйткені Болат Әбішұлы 1997 жылдары мемлекеттік мекемелер жекеменшікке өтіп жатқанда осы ғимаратты өзінің жауапкершілігіне алып, тоқырауына, құрып кетпеуіне жол бермеу үшін өз қарамағына алған. Міне, сол жылдардан кейін автобус паркі қайта жанданып, тиісті қызметін халыққа көрсете бастады. Болат мырзаның арқасында осы саланың тілін түсінетін, жағдайын жақсы білетін азаматтар басшылыққа келген. Солардың іскерлігінің нәтижесінде мекеменің қарамағындағы токарь, мотор, агреагат сияқты цехтардың жұмысы жүре бастады. Себебі бұлардың әрбірінің маңызы жоғары. Оларсыз парк жұмысының жүруі екіталай.
Жетекшілік еткен азаматтар жайлы айтар болсақ, шамамен 1997-1998 жылдары Жарас Нұраханұлы басқарғанын естідім. Өйткені ол кісінің көзін көрген, бірге әріптес болған азаматтар әлі де ортамызда еңбек етіп келеді. Жарас ағамыз өкінішке орай, марқұм болып кеткен. Оның жетекшілігімен автобус паркі жақсы жұмыс істеп, талай оңды өзгерістер орын алған. Жалпы айтқанда мекемені дамыту жолында Жарас ағамыздың біраз еңбегі сіңген.
2011-2018 жылдары Еспай Қайымбетұлы басшылық қызметте болды. Ол азамат та Қаскелең автобус паркінің дамуына біраз тер төгіп, жүйелі түрде жұмыс істеуіне едәуір ықпал еткен. Мәселен, ол уақытта қазіргідей мемлекет тарапынан субсидиялану болмаған. Автобус парктері өз күндерін көру үшін барлық амалды қарастырған. Мұндай жауапкершілік директордың міндеті болып табылды. Сол уақытта Еспай ағамыз парктің жұмысын тоқтатпау үшін әрі халыққа қызмет көрсетуді ойлап, өзі басқарған жылдары банк арқылы несие рәсімдепті. Осы қаржының көмегімен Германия, Қытай сияқты көлік зауыты қатты дамыған елден автобустар тасыған. Осылайша паркті аман алып қалу жолында тығырықтан шыққан. Ал Кеңес үкіметінде мұндай қиындық болмаған. Себебі 90 жылға дейін паркте дотация жүйесі орнаған, яғни қаржылай қолдау жағынан қиындық кездеспеген. Тіпті, ол жылдары парк иелігінде 400-ге жуық автобус болыпты.
Айта кету керек, жоғарыда атап өткен Жарас, Еспай ағаларымыздың кезінде бұл автопарк облыс көлемінде мықты мекемелердің бірі болған. Сол уақытта дүркіреп тұрған «Саяхат», «Сайран» сияқты автовокзалдардай қызмет еткен. Қала арасынан бөлек, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне дейін автобустар жолаушылар тасымалдаған.
Қаскелең автобус паркін басқарған азаматтың бірі – Алексей Барсуков. Ол аталмыш мекемеге 2018-2019 жылдары жетекшілік етті. Сол уақытта парктердің жағдайы мәз емес еді. Қоғамдық көліктер ескіріп, әрбірін күтіп ұстау қиынға соқты. Осы мәселені шешу мақсатында республика бойынша автобус парктері мемлекет тарапынан субсидияланатын болды. Нәтижесінде мекемені жұмысы жолға қойылды. Ал Алексей мырза Үкіметтің қолдауын тиімді іске асырып, бір жылдай қызмет етсе де нәтижелі жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда, арнайы жоба ойластырып, Қытайдан 30 шақты автобус әкелді. Нәтижесінде №23, №78 бағыттар ашылды. Бүгінгі таңда ол автобустар әлі күнге дейін аталған маршрутта жүр.
Ал 2019 жылы Алексей Барсуков басқа салаға кетуіне байланысты мекемені басқару міндеті маған жүктелді. Оған дейін мен механик, қауіпсіз жол қозғалысының инженері, директордың орынбасары болдым.
– Бүгінгі таңда Қаскелең автобус паркі неше бағыт бойынша жолаушылар тасымалымен айналысады?
– Біздің паркте нақтыланған 8 бағыт бойынша автобустар халыққа қызмет етеді. Атап айтар болсақ, Қаскелең қаласының ішінде №1 және №2 маршруттар жүрсе, одан бөлек осы аудан орталығынан Исаев ауылына дейін баратын №9 бағыттағы қоғамдық көліктер бар. Олардың бәрі облыс тарапынан субсидияланады.
Одан бөлек 230, 78, 244, 257, 237 бағыттар бойынша Алматы қаласы мен Қарасай ауданы арасында автобустар жүреді. Бұл маршруттардың ашылуына Қарасай аудандық әкімдігі ықпал етсе, автопаркпен келісімшартқа отырған Алматы қалалық мобильділік басқармасы субсидия бөледі. Ал қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ сапалы қызмет атқару, жолаушылардың тасымалына біз жауаптымыз. Мәселен, былтыр 230, 244, 78 маршруттардың автобустарын жаңаладық. Ол үшін Өзбекстан мемлекетінен «ISUZU» маркалы 36 автобус сатып алынды. Алдағы уақытта 257,237 бағыттардағы қоғамдық көліктерді жаңарту жоспарда бар. Осы мақсатта 17 автобусты әкеліп қойдық. Қазіргі кезде құжаттарына қатысты жұмыстары реттелуде.
Тағы бір айта кететін жайт, біздің паркке тіркелген автобустар республика аумағындағы Балқаш, Астана, Қарағанды және Мақаншы қалаларына қатынап, жолаушылар тасымалдайды. Аталған көліктер Алматы қаласының «Сайран» автобекетінен шығады. Бірақ автобустардың қызметіне біз жауаптымыз. Ашығын айтқанда, бұл жұмыстар автопаркке соншалықты пайда әкеледі деп айта алмаймын.. Неге десеңіз, техника болғасын арасында сынады, ойқыш-ойқыш жолдармен жүреді, шаршайды, жанармайын тұрақты түрде қамтамасыз ету қажет болады. Сондықтан шығыны да баршылық. Бірақ бұрыннан қалыптасқан жұмысымыз болғандықтан, оны тоқтата алмаймыз. Бұл жерде халықтың сұранысы, оның үстіне ертеден осы бағытта жүріп келе жатқан жүргізушілердің тұрақты қызметінің болуы ескеріледі. Себебі ол азаматтардың бәрі тәжірибелі, техникаларды күтіп ұстайды, алыс-шалғай жолдарды жатқа біледі. Сондықтан пайда әкелу жағына көп үміт артпаймыз. Бастысы жолаушылардың сенімінен шығып, автопарктің басты міндетін орындаймыз.
– Дәулет Тұрсынқазыұлы, бағыттарыңызға қатысты ақпаратыңызға рақмет. Ал осы Сіз басқарып отырған «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-де неше адам қызмет етеді?
– Біздің мекемеде бас-аяғы 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде шамамен 200 азамат жүргізуші міндетін атқарады. Ал қалған 100 шақты адам өздеріне тиесілі қызметте жұмыс істейді. Атап айтқанда, әкімшіліктегі мамандардан бөлек, механик, диспетчер, дәрігер, слесарь, токарь, моторист, қосалқы бөлшектермен айналысатын мамандар және қауіпсіздікке жауапты күзетшілерімізді айтуға болады.
Сондай-ақ біздің базада жанармай құю бекеті бар. Оны жүргізушілердің уақытын үнемдеу үшін арнайы түрде ойластырдық. Ол үшін жанармаймен қамтамасыз ететін компаниялармен келісімшартқа отырдық. Осылайша резервуарларда жанармайымыз қолжетімді.
Қысқаша түсіндірер болсақ, күн сайын кестеге сәйкес жолаушылар тасымалы аяқталған соң, жүргізушілер автобустарды паркке әкеліп өткізеді. Ал оны базадағы мамандар қабылдап алып, түнімен жанармайын тексеріп, көлікті тазалап, келесі күнге дайындап қояды. Міне, осындай түнгі ауысыммен жұмыс істейтін қызметкерлер де бар.
– Қазіргі уақытта Қаскелең автобус паркінің иелігінде неше көлік бар?
– Барлығын есептей болсақ, 120-дай болады. Оның ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктер, арнайы техникалар бар. Автобустардың бәрі жаңа дей алмаймын. Бірақ жүруге жарамды. Күтіп ұстап отырамыз. Жолға шығарда бәрін тексерістен өткіземіз.
– Бұрын Алматы мен Қаскелең қаласы, Шамалған ауылдары арасында шағын қоғамдық көліктер жүруші еді. Олардың соңғы уақытта көрінбей кетуіне не себеп?
– Иә, дұрыс айтасыз. Кезінде жолаушылар тасымалымен «Mersedes» маркалы спринтерлер, бусиктер айналысты. Бірақ халықтың сұранысы бойынша үлкен автобустар іске қосылғанда олардың саны күрт азайды. Өйткені бәсекелестік артты. Жолаушылар «ONAI» төлем жүйесімен жүргісі келіп, үлкен автобустарға отыратын болды. Бірақ бұрынғы шағын автобустардың біразы әлі де қызмет етеді. Мәселен, «Қаскелең – Сайран» бағытында жүріп тұрады. Біз оларға жұмыс істеуге мүмкіндік береміз. Алайда олар паркке соншалықты тәуелді емес. Егер алыс аймаққа жолаушы тасымалдау бойынша тапсырыс түсіп жатса, өз жұмыстарымен айналыса береді.
– Дәулет мырза, Қаскелең ішінде қатынайтын автобустардың жүруіне халық ризашылығын білдіруде. Бірақ жүру аралықтары ұзақ деп жатыр. Тұрғындардың бұл пікірі ескеріліп жатыр ма?
– Қаскелең ішінде қатынайтын бұл қоғамдық көліктердің ашылуына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы бірден-бір бастамашыл болды. Аудан басшысының тапсырмасымен ашылған бұл маршруттарды халық жақсы қабылдады. Басында ескі көліктер еді. Кейін олар жаңартылды.
Ал жүріс аралықтарына келер болсақ, бұл жерде тағы да жолаушылардың санына байланысты. Әрине, егер халық көп отыратын болса, ол жақсы. Бірақ бұл маршруттар қала ішінде жүретін болғандықтан, жолаушылардың ағыны қатты байқалмайды. Бірақ жұмыс кестесі ойластырылған. Мәселен, мектеп оқушыларының сабаққа келуі мен үйге қарай қайтуына байланысты қоғамдық көліктер әрдайым жүріп тұрады. Балалар қараңғыда қалмау үшін әрбір минуты ескерілген.
Кейде жолаушылардың санын бақылау үшін өзім де осы автобустармен жүріп тұрамын. Тұрғындардың ойына құлақ асамын. Халықтың пікірі әрдайым ескеріледі.
– Қарасай ауданының тұрғындары үлкен автобустардың ашылғанын қуанышпен қабылдауда. Алдағы уақытта тағы маршруттар ашылу жоспарда бар ма?
– Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы агломерациясын дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Міне, соның аясында Алматының маңындағы елді мекендерге қатынайтын 20 маршрут ашылу көзделген. Соның ішінде біздің ауданға қарасты Қаратөбе мен Еңбекші ауылдары бар. Атап айтар болсақ, Алматының №7 қалалық ауруханасы мен аталған екі елді мекен арасында №237 және №257 маршруттар жүруде.
Әзірге осы қоғамдық көліктер халыққа қызмет етеді. Егер қосымша тағы қарастырып жатса, біздің парк тарапынан тиісті міндеттер атқарылады.
– Дәулет Тұрсынқазыұлы, біраз ақпаратты халыққа жеткізе алдық деп ойлаймын. Алдағы уақытта қандай жоспарлы жұмыстар бар?
– Жолаушылар тасымалымен айналысқандықтан, халыққа қызмет ету – біздің басты міндетіміз. Келешекте автобустардың бәрін газбен жүруді қолға алсақ деп отырмыз. Өйткені жанармайдан гөрі газдың экологияға зияны аз. Бір жағынан тиімді. Осы істі болашақта жүзеге асыру ойда бар.
– Ақпаратыңызға көп рақмет. Жұмыстарыңыз алға баса берсін.
Сұқбаттасқан Дидар МӘЛІКҰЛЫ.