Іле ауданына қарасты Шабыт ауылында жаңа қоғамдық көлік іске қосылып, ауыл адамдары үшін қуанышты жаңалыққа айналды. 9 қазан күні №305 бағытта қатынайтын автобус сағат 5:30-дан бастап жолға шығып, алғашқы жолаушыларын тасымалдады. Бұл маршрут аудан ішіндегі «Шабыт» ықшам ауданы, Междуреченск, Чапай, Комсомол, Водник және Өтеген батыр сияқты елді мекендерге дейін қатынайды.
Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, жаңа бағыттың жылжымалы құрамында 6 автобус бар. Жүру интервалы 30 минутты құрайды. Жолаушыларды тасымалдау уақыты таңғы 5:30-дан, кешке, яғни 21:00-ге дейін уақыт аралығы деп белгіленген.
Шабыт ауылының тұрғындары автобустың іске қосылғанына қуануда. Бұл жайында Междуреченск ауылдық округінің әкімі Бақыт Турииев өзі айтты. Ал ауыл ақсақалы, Іле ауданының Құрметті азаматы Совет Жармағамбетов осы істің басы-қасында жүрген басшыларға, автопарктің ұжымына округ тұрғындарының атынан алғысын жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Іле ауданы.