Жақында аудандық мәдениет үйінде Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудандық орталық аурухана ұйымдастырған жиынға ауылдық округтердің әкімдері, бөлім басшылары, мектеп директорлары мен мұғалімдер, округтердегі денсаулық сақшылары, мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Жиынды аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев ашып, бүгінгі таңда елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары кеңінен өріс алып отырғанын жеткізді. Осыған орай, арнайы құрылған штабтың мүшелері, тұрғындар арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қағидалары, медициналық сақтандыруды енгізу кезеңдері мен оның ұтымды жақтары туралы тұрғындар мен жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудегі негізгі мақсат – халыққа медициналық қызметтің барлық түрлерінің қолжетімділігін арттыру және әртүрлі тетікті пайдалана отырып, медициналық қызметтің сапасын көтеру және бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру, тұрақтандыру, сол арқылы денсаулық сақтау тиімділігін, нәтижелілігін арттыру екенін түсіндіріп өтті.
Кездесуде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек, Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айганбек Мәлейұлы медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі және тұтынушыларға ұсынылатын медициналық қызметтер туралы әңгімеледі. Сәбит Құралбектің айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ, медициналық қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдер мен талаптарға сай медициналық көмек беретін, денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтерін сатып алуды және оларға ақы төлеуді жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым. Сондай-ақ, қорда әр азаматтың жеке шоты ашылып, ол адамның жеке электрондық паспорты жасалады. Ал, жинақталған қаражат науқастардың емделуі үшін емханаларға жіберіледі. Жұмыссыз немесе аз қамтамасыз етілген тұрғындарға мемлекет көмектеседі. Жалпы, медициналық сақтандыру қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді жойып, саладағы жұмысты жүйелеуге жол ашады. Яғни, әрбір адам өз еміне өзі қаражат жинақтағандықтан, емдеу орны мен дәрігерді де өзі таңдайды. Нәтижесінде медициналық қызмет сапасы артуы тиіс. Әрине, ең бірінші жаңа реформа халыққа кеңінен түсіндірілуі қажет.
Сонымен қатар, жиында республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Біржан Байжанов 2017 жылдың қараша айында жасалған Қазақстанның ауруханалары мен емханаларының жұмысын бағалау бойынша «Медициналық сақтандыру қоры: халықтық бақылау» атты мобильдік қосымша жайлы да толығырақ айтып өтті.
– «Халықтық бақылау» бағдарламасы негізінен көрсетілген қызметтің сапасы, дәрігерлер мен мекеме мамандарының науқастарға көрсеткен қызметтерінің дәл уақытында болуы, белгілі ережелерді қатаң сақтауын қадағалау жүргізіліп отырады. Рейтинг бойынша жұмыстары төмен болып табылған мекемемен қатынастарымыз үзіледі, – деді Біржан Байжанов.
Мұнан бөлек оның барысында негізінде міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру туралы да айтылды. Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты – міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілделінген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету. Ал, ерікті сақтандыру адамның қалауы бойынша ғана жүзеге асады екен.
Жиын соңында тұрғындар келген мамандардан өздерін алаңдатып жүрген сұрақтарына жауап алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.