Қарасай ауданында кейінгі жылдары қазіргі заманға сай іргетасы қаланған денешынықтыру және сауықтыру кешендерінің қатары артып келеді. Бұл дегеніміз саламатты өмір салтын ұстанатын өскелең ұрпақты спортқа баулуға, кәсіби шын шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік десек болады.
Осындай нышаны бөлек нысандардың қатарында жақында ғана салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілген Райымбек ауылындағы «Nur-Aman» спорт мектебі де бар.
Сыртқы келбеті келісті кешеннің ішкі жағы да заман талабына сай әрленген. Халық игілігіне берілген бұл нысан мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында бой көтергенін айта кеткен жөн. Ғимараттың салынуына Жетісу өңірінің Құрметті азаматы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев қолғабыс етіп, туған жеріне тарту ретінде азаматтығын танытты. Өзі де спорт десе ішкен асын жерге қоятын жомарт жандардың қатарында.
Жалпы аумағы 3200 шаршы метрді қамтитын спорт мектебі үш бөліктен тұрады. Оның біріншісі – бокс және күрес сияқты спорт түрлерімен шыңдалуға арналған әмбебап жаттығу залы. Мәселен, мұнда келушілер еркін күрес, грек-рим, қазақша күрес сынды белдесу түрлерімен, дзюдомен, самбомен, бокспен және оның ішінде тайбоксымен жаттыға алады, сонымен қатар, әлемдік ареналарда көп танымал болған бодибилдингпен немесе кроссфиттармен әуестенуге мүмкіндіктер бар.
Спорт кешеннің екінші бөлігін ең негізгісі деуге болады. Жертөлесін қоса санағанда, екі қабатты ғимаратта көбісі орналасқан. Яғни, төменгі жағында киім ілгіш, жуынатын бөлмелерден бөлек, би жаттығуларына, түрлі гимнастикалық шынығуға және үстел теннисімен айналысуға арналған залдар бар. Бұдан кейінгі қабатта кешенге кіріп-шығатын негізгі есіктен бастап, галерея, асхана, жаттықтырушылардың және медицина қызметкерлерінің бөлмелері орналасқан. Ал, ғимараттың ең жоғарғысы құрметті қонақтарға арналған десек болады. Мұнда меймандар конференц-залда жиынға қатысып, VIP орындарда түрлі сайыстар мен жаттығуларды тамашалай алады. Сондай-ақ, дәл осы қабатта шахматқа, тоғызқұмалаққа қатысушылардың орындары мен әкімшілік бөлмесі де бар.
Сауықтыру орталығының үшінші бөлігі – жанкүйерлердің басқосуына арналған. Оларға 325 орын шақталып, оның ішінде 6-ы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жасалған. Бұл залда шағын футбол, волейбол, гандбол сияқты түрлі ойындардың жарыстарын өткізу қарастырылған.
Жоғарыда біз жіктеп көрсеткен үш бөліктен басқа, кешеннің сыртқы жағында да дене қыздыруға арналған түрлі орындар бар. Мысалы, ашық аспан аясында түрлі құралдармен жаттығатын және балалардың ойын алаңдары, одан басқа, күндіз және түнде ойнауға болатын жасанды жабындылармен жасалған футбол алаңы орналасқан.
«Nur-Aman» спорт мектебінде, былайша айтқанда, мектеп жасына дейінгі балалардан бастап, зейнеткерлерге дейін шынығуға барлық жағдай бар. Мұны осы кешеннің ең бір ерекше тұстарының бірі деуге болады. Ал, енді келушілерді кешен әкімшілігі екі топ арқылы қабылдайды: ақылы және облыстық әкімдіктің өтініші негізінде тегін түрде.
Өткен жылдың наурызынан бастап құрылысы басталған ғимарат ағымдағы жылдың тамыз айының соңына таман салтанатты түрде ашылды. Барлық сақтық шаралары қамтылып ұйымдастырылған іс-шараға Алматы облысының басшысы Амандық Баталов өзі қатысып, ауыл ақсақалдарымен нысанның көркеюіне ізгі тілегін де білдірген болатын.
– Биылғы жылы бүкіл әлеммен бірге біздің мемлекетіміз де аса жауапты сыннан өтті. Дегенмен, карантин жағдайына қарамастан облысымызда ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның айқын бір дәлелі – Райымбек ауылында пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Облыстың кәсіпкер азаматтары бұқаралық спортты дамытуды жүзеге асыруға, туған жерін көркейтуге белсене атсалысып келеді. Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар спортқа қолдау көрсетуі – өскелең ұрпаққа қызмет еткені деп түсінеміз, – деген болатын облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы кешеннің ашылу рәсімінде.
Қазіргі уақытта спорттық нысан еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақталмауына байланысты жұмысы уақытша үзілісте екенін айта кету керек. Тек әкімшілік пен басқа техникалық жағынан жауапты 15 қызметкер еңбек етуде. Басшылықтың мәліметінше, алдағы уақытта олардың қатары барлық спорт түрлерінен ең білікті деген жаттықтырушылармен толығады.
Алматы қаласына іргелес жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешенінің алдағы жоспарлары ауқымды. Атап айтқанда, Қазақстан былай тұрсын, әлемдік додалар арқылы аты шыққан атақты «Қайрат» футзал клубының академиясын ашу жоспарда бар. Сонымен қатар, спорт мекемесінің басшылығы біз айтқан футзал, волейбол, гандбол бойынша жарыстарды ұйымдастыруды, одан бөлек, тіпті, ала допты серік еткендер үшін Қазақстан чемпионатының кез келген бір ойынын өткізуді де көздеп отыр. Әрине, егер елдегі денсаулық саласына қатысты ахуал тұрақталса.
Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет» деп айтқан болатын. Міне, Жетісу өңірінің, оның ішінде Қарасай ауданының спорттық саласын дамытуға үлес қосатын «Nur-Aman» кешені соның айқын дәлелі десек болады. Бұл сауықтыру орталығында саламатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етем деген жандар үшін барлық мүмкіндік қарастырылған.
Болашақ чемпиондарды баптайтын спорт мектебіне толағай табыстар, жемісті жетістіктер тілейміз. Дәл осы ортада дүниежүзілік додаларда елдің даңқын арттыратын мақтаныштарымыз өсіп-өнеді деп сенеміз.
«Nur-Aman» спорт кешені елдің абыройын асқақтататын республикалық және әлемдік аренаға айнала берсін!
Дидар МУХАМАДИЕВ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.