Президентіміздің биылғы Жолдауында «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады», – деп айтқаны баршамызға белгілі. Бүгінде ауданымызда медицина саласы қарқынды дамып, әртүрлі емдік тәсілдер арқылы және ең бастысы халыққа сапалы қызмет көрсететін орталықтар көбеюде. Мәселен, өткен аптаның жексенбісінде Қаскелең қаласында Шығыс-Тибет медицинасы тәсілімен емдейтін тағы бір мекеменің тұсаукесері өтті. «Nazar Med» атты жаңа орталықтың ашылу салтанатына Қаскелең қаласының әкімі Әділбек Далабаев қатысып, қызыл лентасын қиды. Мекеменің ерекшеліктерімен бас дәрігері Нұргүл Рамазанқызы мен басшысы Қадір Рахматуллаұлы таныстырды.
Жалпы, қазір, мұнда заманауи емдік тәсілді қолданатын, өз ісін жетік меңгерген 15 адам қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Алманиядан арнайы шақыртырылған физиотерапевт Томас Хёлцел өзінің құрылғылары арқылы азаматтарды дерттерінен нәтижелі айықтыруға дайын. Ал, орталықтың өзі жайлы айтатын болсақ, мұнда көптеген ауруларға қарсы ем-дом қабылдауға болады. Мысалы, осында жоғарыда айтқанымыздай, Шығыс-Тибет медицина тәсілімен ағзадағы ауруды тамырдан ұстау арқылы анықтап, табиғи дәрілік шөптерді пайдалана отырып емдеу ерекшеліктері бар. Нақты айтқанда, мекемеде бас-ми, жүрек-қан тамырларының бұзылуы, қалқанша без, тыныс алу, ас қорыту, бауыр, буын және омыртқа, протрузия, грыжа, зәр шығару жолдарының аурулары, сонымен қатар, бедеулік, белсіздік, простатит, терінің түрлі аурулары, псориаз сынды дерттері бар науқастар келіп, сапалы ем қабылдай алады. Бұдан бөлек, орталықта сүйек сынығымен келгендерді отасыз айықтыру тәсілдері де қарастырылған. Бір қуантарлығы, «Nazar Med» орталығында толық тексерілудің құны 2000 теңгені ғана құраса, кішкентай бүлдіршіндерге, қарттар мен ардагерлерге түрлі жеңілдіктер ойластырылған. Яғни, бұны Елбасының Жолдауында жүктеген «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс», – деген тапсырмасы бойынша жұмыстардың жүзеге аса бастағанының бір айғағы деп түсіне аламыз.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.